Қазақстан QazVac вакцинасын мұсылман елдеріне жібереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Қазақстан QazVac вакцинасын мұсылман елдеріне жібереді

Қазақстан QazVac вакцинасын мұсылман елдеріне жібереді

Qazvac вакцинасын шығарған ғалымдар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында марапатталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қордай ауданындағы QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытына барып, ғалымдармен жүздесті. Президент екпе өндірісінің технологиясымен, зертхана жабдықтарының жұмысымен танысып шықты. Отардағы бірегей зауытқа әріптесім Альбина Әшім де барып қайтты.

«Otarbiopharm» - медициналық вакцина шығаратын еліміздегі алғашқы зауыт. Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанындағы өнеркәсіптің құрылысы бір жылға толмай аяқталды. Жалпы, алпыс жылдық тарихы бар институт мамандары қауіпті инфекцияларға қарсы 67 вакцина дайындаған. Құс және шошқа тұмауларына қарсы екпелер де әзірлегенімен, өндіріске шығаруға мүмкіндігі болмады. Зауыттың жоқтығы тежеп тұрды. «Казвак» - осы жаңа зауыттан шығарыла бастаған алғашқы вакцина. Күні кеше ғана «Халал» сертификатын алып, қауіпсіз екенін тағы бір дәлелдеді.
Қазірдің өзінде «Qazvac»-қа 40-тан астам мемлекет қызығушылық білдіріп отыр. Ал ДДСҰ мақұлдауы үшін бір кезең ғана қалыпты. Алғашқыда көптің көкейінде «қазақ вакцина шығара ала ма?» деген күмән болғаны жасырын емес. Ел-жұрт бейтаныс әрі қауіпті індеттің атын атауға да қорқып жүргенде қазақ ғалымдары өмірін қауіпке тікті.
Қуандық Жүгінісов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі: 
Алғашқы тышқандарға, зертханадағы жануарларға салған болатынбыз. Біздің бақытымызға орай деп айтсақ болатын шығар, вирус салған зертханалық жануарлар тірі қалды. Ешқандай клиникалық белгілер байқалмады, аурудың белгілері байқалмады. Міне, содан алғашқы үлгіні дайындап, ары қарай жан-жақты тексеруге жіберілді.
Кейін ғалымдар екпені өздеріне салып сынады. Жалпы, вирусолог, биотехнологтардың күнделікті жұмыс тәртібі оңай емес. Ауа өткізбейтін арнайы костюм, қорғаныш құралдарын киіп, зертханаға таңертең кіріп, кешке бір-ақ шығады. Үзіліс жоқ. Өйткені тірі вируспен жұмыс істегенде қайта-қайта кіріп-шығуға болмайды.
Ерғали Әбдірайымов, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары: 
Бірінші этабымыз: торшаларды өсіріп, вакцина өндіру үшін торшаларды өсіріп отырамыз. Келесі этап: біз торшаларға вирусты егіп, вирусты өсіріп отырамыз. Кейінгі этап: вирусты өлтіріп, тазалаудан бірнеше этап өткіземіз.
Вирус тазаланғаннан кейінгі, соңғы кезең: вакцинаның өзін әзірлеу.
Альбина Әшім, тілші: 
Міне, мына лабораторияда дәл қазір вакцина әзірленіп жатыр. Бізге мұнда кіруге рұқсат етілмеген. Қауіпті аймақ. Процессті қарапайым тілмен түсіндіріп өтсем: биотехнологтар осы жерде казвакты әзірлейді. Ол сосын құтыларға құйылып, міне мына қондырғымен өндіріске жіберіледі. Қазір мына жаңа лабораторияның 500 мың дозаға дейін шығаруға қауқары жетеді, ал екінші блок қосылғанда айына 2 млн доза вакцина шығаруға болады.
Зауыттың екінші блогы келер жылдың басында іске қосылмақ. Содан кейін бұл жерде коронавирусқа қарсы ғана емес, өзге де медициналық вакциналар әзірленуі тиіс. Оның ішінде иммунобиологиялық препараттар, тұмау, түберкүлез, бруцеллезге қарсы екпелер бар. Зауыттың жыл сайын 60 млн доза препарат шығаруға қауқары бар. Коронавирус биологиялық қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан ғалымдарды «қорғаныс шебіндегі жауынгерлер» деп айтуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Баршаңызды құттықтаймын, ризашылығымды білдіремін. Бұл – күрделі өнеркәсіп. Шын мәнінде шетелдерде мұндай өндіріске 3-4 жыл кетеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай марапаттаймыз.
Ұлт саулығы үшін ұлы іс атқарып жүрген ғалымдар барлық марапат пен қошеметке лайық. Ал15 жыл бұрын «вирусолог» мамандығының жабылып қалғанын ескерсек, ендігі мақсат: жас кадрларды дайындау.
Күнсұлу Закарья, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры: 
Жас мамандар жоқ. Мынадай ауылдық жерге, военный горнизонға жастар келе бермейді. Зауыт болып тұрып, кадр болмаса, кадрларды дайындау керек. Жан-жақты, нүктелі емес, жүйелі шешім керек. Әл-Фараби институтымен бірлесіп, докторлық және магистрлық диссертация бойынша мамандар дайындап жатырмыз. Бүгінгі күні магистрлық оқуға 3 талапкер оқуға түсті.
Жас мамандарды Отарға тарту үшін әлеуметтік жағдайды реттеу керек. Ол үшін 180 пәтерлі 3 көпқабатты үй салынды. Президент жаңа үйлердің қалай жабдықталғанын көріп шықты.

Тұрғын үй кешенінің ауласында спорт кешені де салынған. Бұл жерде ғалымдар мен олардың балалары жаттыға алады. Бүгін балақайлардың президентпен бірге доп тебуге мүмкіндігі болды.

Мемлекет басшысының Жамбыл облысына сапарындағы басты тақырып «биологиялық қауіпсіздік» болғанымен, қорғаныс мәселесі де қалыс қалмады. Байзақтағы жарылыстан кейінгі жағдайды өңір басшысы баяндап берді.
Бердібек Сапарбаев, Жамбыл Облысының әкімі: 
176 объектіге зақым келген. Соның ішінде 159 үй, 159 үйдің 35-де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің құрылысшылар бірінші қыркүйектен бастап жұмысты бастап кетті. Қараша айында барлық үйлер бітеді.
Өңірдің осы және өзге де өзекті мәселелері Президенттің келесі сапарында талқыланатын сыңайлы. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдың басында Таразға тағы бір келетінін айтты. Ал бұл жолғы сапарда Сапарбаевтың жұмысы оң бағаланды. Басты жетістік: өңірде ұлт саулығы үшін «Qazvac»-тың өндірілуі.

Альбина Әшім

Бөлісу