Былтырғы жылмен салыстырғанда елімізде өрттен ажал құшқандар саны 20 пайызға артқан. Яғни, жыл басынан бері 7500-ден аса өрт тіркеліп, 251 адам қаза тапты. Оқыс оқиғалар Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақмола мен Қостанай облыстарында жиі болады. Бұл аймақтардағы көрсеткіш республикалық орташа есептен 2-3 есеге артық. Тілсіз жаумен тиімді күрес жүргізуге азаматтық қорғау қызметкерлері жеткіліксіз. Сондықтан сала министрлігі ерікті өрт сөндірушілер рөліне қатысты мәселе көтерген еді. Үкімет басшысы құзырлы органдармен бірлесіп 20 қазанға дейін өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жол картасын дайындауды тапсырды. Ал, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып газ жабдықтары мен тұрмыстық баллондарды қауіпсіз пайдаланудың жүйелі бақылауын күшейтуі қажет.