Қасым-Жомарт Тоқаев «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығу жиынына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығу жиынына барды

23.09.2021

Қарулы Күштердің техникалық әлеуетін арттыруға басымдықберіледі. Әскеріміз шетелдік және отандықөндірісте жасалған тура соққы жасайтын зымыран кешендерімен жабдықталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығу кезінде айтты. Маңғыстаудағы Оймашы полигонында өткен ауқымды жиын әскеріміздің әзірлігін тосыннан тексерудің қорытынды кезеңіне дөп келді. Қарулы Күштердегі оқу-жаттығулар қыркүйектің басынан бері жүргізіліп келеді. Тексеріс нәтижелері қандай? Сарбаздарға көрсетілер қолдау жайы қалай? Тілшіміз Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Бұл еліміздегі ең ауқымды оқу-жаттығулардың бірі. Қарулы күштердің барлықдерлік құрылымдары жұмылдырылған. 9 мың әскер, 3 мың техника, 66 ұшақпен 8 кеме. 7 бірдей полигонда кенеттен тексеру жұмыстары қатар жүрді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бұрынғы заманда елге жау шапқанда Отпантаудың басында ұран оты жағылып, белгі берілетін. Осылайша жауынгерлер жедел түрде әрекет етіп, дұшпанды жеңіп отырған делінеді. Бүгінгі оқу-жаттығудың да Отпантау аталуы бекер емес. Жаћандағы ахуал күрделі. Қауіп-қатер кез-келген уақытта туындауы мүмкін. Ал қазақ әскерінің міндеті тосын жағдайға әрдайым сақадай-сай болуы керек.

Әскерилер Мемлекет басшысына жауға қарсы қолданатын тың тәсілдерді көрсетті. Сценарий бойынша әуеден де жерден де шабуылдар жасалып, танк бригадалары ұрыстың жаңа әдісін қолданды.

Жаннұр Сатқынов,  «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі:
Бұл оқу-жаттығудың ең басты ерекшелігі заңсыз қаруланған топтармен жаңа тәсілде ұрыс әдісін жүргізу. Дәл осы оқу жаттығуда «Саққорғаны», «Үңгір шоқпар» секілді әдістерді қолданамыз. Біздің сауытты техникаларымыз күтпеген жерден шығып ұрыс-атыс дайындығын, тойтарыс беру мақсаты. 

Шығыс пен Оңтүстік аймақтарда қатар өткен жаттығулар бір орталықтан басқарылып, онлайн тәртіпте бақылауға алынды. Мемлекет басшысы Отпантаудың тарихы бабаларымыздың ерлігі мен елдіктің айқын көрінісі екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ерлеріміз туған жерді қорғау үшін жорыққа Отпантаудың бауырынан аттанған. Осы жерде ұлт тағдырын шешетін маңызды жиындар өткен. Бұл игі дәстүр қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Біз батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонымен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаймыз. Ең бастысы, байтақ даланы ұрпағына мирас еткен бабалар аманатына адал болып, Отанымызды қорғаймыз.

Жоғары бас қолбасшы әскерилердің әзірлігін жоғары бағалады. Президент ел басына күн туа қалған жағдайда жауынгерлеріміз жауға тойтарыс беріп, басым түсетініне сенімді екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Армияда үнемі жаңғыру үдерісі жүргізіледі. Бұл заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге дайындығымызды қамтамасыз етеді. Арнайы операциялар жүргізетін күштер, барлау бөлімдері мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қарқынды дамып келеді. Диверсиялық әрекеттерге қарсы іс-қимылдар пысықталады. Тура соққы жасайтын қарулар мен ұшқышсыз басқарылатын құралдар кеңінен қолданыла бастады.

Жаћан қас пен көздің арасында сан құбылып, қауіпсіздік үлкен мәселеге айналды. Аймақтағы геосаяси ахуал да күрделі. Бұндай жағдайда әскерилермен қатар жергілікті әкімдіктер де жедел әрекетке дайын болуы маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жеке құрам мен техниканы өз жүрістерімен, теміржол және әуе қатынастары арқылы жылжыту жұмыстары пысықталды. Бұл Қарулы Күштердің стратегиялық ұтқырлығын, қауіп төндіретін негізгі бағыттар бойынша әскери топтарды жедел құру мүмкіндігін көрсетті. Штабтардың шұғыл жағдайлар кезіндегі үйлесімді жұмысын, жоғары технологиялы қарулар мен әскери іс-қимылдарды жоспарлау әдістемелерінің қолданылуын көрдік. Әкімдіктердің де дайындықдеңгейінің жоғарылағанына куә болдық. Қазіргідей «стресс-тестілеу» кезінде олардың рөлі әскери құрамдардан кем түспейді.

Темірдей тәртіпке бағынған жауынгерлерді де әлеуметтік мәселелер толғандырады. Мемлекет ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған сардарларға әрдайым қамқорлығын аяған емес. Алдағы уақытта әскерилердің жалақысы едәуір көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдықеңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлықсанаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандықәскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі.

Білекті, жүректі, епті жігіттер әскери оқу-жаттығу кезінде кез келген қауіп қатерге сақадай сай екендерін көрсетті.

Сондай-ақ Президент арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді. Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялықинфрақұрылымның құрылыстарына қатысты презентациямен танысты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қорғанысы айбынсыз ұлт қорғансыздың күйін кешеді. Сол себепті мемлекет басшысы қарулы күштерімізді күшейту күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе екенін тағы бір мәрте қадап айтты. Өйткені оның артында егемен елдің ертеңі мен тұғырлы тәуелсіздігіміздің болашағы тұр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу