Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жанармай құю бекеттерінің 80%-да дизель отыны жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жанармай құю бекеттерінің 80%-да дизель отыны жоқ

22.09.2021

Күзгі жиын-терім қызған тұста Түркістан облысы мен Шымкент қаласында дизель отынының тапшылығы басталды. 400-ден астам май құю бекеті давальдық компаниялардан қажетті өнім көлемін ала алмай келеді. Дизель отынын қазір тек ірі операторлар ғана талонмен беруге көшкен. Онда да аз мөлшерде. Ашынған кәсіпкерлер бүгін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасына жиылып, мәселенің мән-жайын анықтауды талап етті.

Өңірдегі ұсақ операторлардың қорында дизель отынының таусылғанына оншақты күнге таяды. Май құю бекеттерінің 80 проценті мұнай өңдеу зауытымен арадағы делдал компаниялардан өнім ала алмай сандалып жүр. Берген күннің өзінде бағасы қымбат. Литрі 199-200 теңге. Бұл бұрынғыдан 5-7 теңгеге көп.

«Петросан»-Шымкент мұнай өңдеу зауытына шикізат жеткізіп беріп, орнына алған дайын өнімді ұсақ операторларға үлестіретін давальдық компания. Ондағылардың айтуынша тапшылыққа екі түрлі жағдай себеп болған. Оның бірі жыл басында Атырау мұнай өңдеу зауыты 200 мың тонна дизель отынын кем өндірген. Осы дефицит әлі күнге жалғасып келеді.

Нұржан Сартбай, «Петросан» ЖШС-нің өкілі: 
Жанар-жағар майдың тапшы болуының тағы бір себебі бағаның арзандығы. Осыны пайдаланып транзиттік жүк көліктері еліне қайтар жолда бактарын дизель отынын толтырып алып кетеді. Тапшылық содан пайда болып отыр.

Өңірде биыл жаз маусымында дизель отынына деген сұраныс 450 мың тонна төңірегінде болған. Ал қазір бірден 530 мың тоннаға көбейген. Давальдық компания контрабандалық тауар тасымалына осы деректердің өзі-ақ дәлел дейді. Кәсіпкерлердің бұған да айтар өз уәжі бар.

Бақытжан Қолдасов, «Ынтымақ» жанар-жағармай қауымдастығының төрағасы: 
Енді ол кетіп жатса оны қадағалайтын органдар бар емес пе? Неге шекараны жаппайды? Неге бағаны көтермейді.

Кәсіпкерлермен онлайн арқылы байланысқа шыққан энергетика министрлігінің өкілі осы проблеманы шешу үшін жуырда үкіметте жанар-жағармай бағасын өсіру туралы мәселе қаралатынын жеткізді. Дефициттің түйіні содан кейін ғана тарқатылмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу