Әрбір ел цифрлық қауіпсіздігін нығайтуға күш саулы тиіс. Өйткені әлеуметтік желілерде жалған ақпарат көбейіп кетті. Әрі контент саяси рөл атқара бастады. 17-ші Еуразия медиа форумына қатысушылардың ортақ ұстанымы осындай. Бүгін сарапшылар өзекті тақырыптардың бірі цифрландыру мәселесін жан-жақты қаузады. Толығырақ тілші тарқатсын.
Пандемия цифрлық трансформация жұмысын жеделдеткені рас. Әлем елдері жаңа сын-тегеуріндердің қысымын сезінуде. Түрлі әлеуметтік желілер саяси рөл атқара бастады. Сондықтан мамандар әр мемлекеттің билігі цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек деп түйді. Осы орайда қазақстандық саясаттанушылар елдегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Ержан Салтыбаев, Нұрсұлтан Назарбаев қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының директоры:Парламентте цифрлық қауіпсіздік мәселесі қарастырылуда. Әлеуметтік желілердің жұмысын реттейтін заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл әлеуметтік желілердің жұмысына тыйым салынады дегенді білдірмейді, тек оны реттеудің тетіктері өзгереді деген сөз.
Соңғы уақытта кең танылған әлеуметтік желідегі Тик-Ток платформасы да назардан тыс қалмады. Форумға қатысушылардың айтуынша, кейінгі кездері тек жастар емес, аға буын өкілдері де қосымшаға қызыға бастады. Өйткені қазір қоғам қысқаметражды, жеңіл қабылданатын видеоға әуес. Мұны жас блогердің Алина Кимнің парақшасына тіркелген желі қолданушыларының саны айғақтап тұр. Бар -жоғы 18 жастағы қыздың 30 миллионнан астам көрермені бар.
Алина Ким, Tik tok жұлдызы:Бүгінде Tik tok тренд болып кеткен. Адамдар жеңіл контентті жақсы көреді. 15 секундтық видео фастфуд секілді. Тез әрі жеңіл қабылданады.
Алайда цифрлық әлемнің жастарға бері мол болғанымен, қауіп-қатер де бастан асады дейді әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов.
Тимур Бекмамбетов, режиссер:Менің қасымда отырған блогер қыз сандық әлемде суда жүзген балық сияқты. Десе де коммуникацияға түскенде кенеттен өзін жайсыз сезінді. Яғни шындық пен сандық әлемде жүрген екі бөлек адамдардың барын аңғартты. Бұл балалар желіден тыс өмірде белгіссіз факторлармен кездеседі. Осы кезде ұялып қалу немесе агрессия сияқты реакцияны байқатады. Міне осыдан болар оқушылар сыныптастарына пышақ сұғып, мұғалімдерге қол көтереді.
Тимур Бекмамбетов тәулігіне 8 сағаттап телефондарынан түспейтін жастарды дұрыс контент түсіру арқылы ғана тәрбиелей аламыз дейді. Сондықтан контентке жауапты әріптестерін адами құндылықтарды дәріптейтін дүниелерді көптеп шығаруға үндеді. Әрі форум қонақтарының назарына осы сарында түсірген су жаңа фильімін ұсынды. Айта өтейік, бүгінгі күн 14-ші қыркүйекте басталған форум жұмысын қорытындылады. оффлайн форматта 60-тан аса спикер сөз сөйлесе, әлемнің түкпір-түкпірінен конференцияға 3 мыңнан аса спикер онлайн қосылған.
Ләйлә Дулатқызы