Бүгінде елорда соттары 100 пайызға дыбыстық және бейне жазбамен жабдықталған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Астана қалалық сотының судьясы Сайран Әлімбаева мәлім етті.
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық сот үрдістерін дыбыстық және бейне жазып отыру тәртібі енгізілді. Қажетті жабдықтар қаланың барша сот залдарында орнатылды. Судья жазбаны тоқтата немесе үзе алмайды, яғни камералар автоматты түрде іске қосылады. Егер де қандай да бір себеппен судья немесе хатшы жазбаны тоқтататын болса, онда жауапкершілікке тартылатын болады»,- деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, тәртіпті сақтау мақсатында тұрақты түрде қызметтік тексеру жүргізіледі.
«Бұл тұрғыдағы қадамдар соттың жүргізу үрдістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге негізделген. Сонымен қатар, іс бойынша кейбір мән-жайлар ұмытылып қалуы мүмкін, ал бейнетаспа арқылы сот отырысынан кейін қажетті деректерді тексеруге болады», - деді судья.