Алдағы бес жылда елімізде 600 мыңға жуық қызметкердің жалақысы өседі. Жолдауда осыған дейін тасада қалып келген мамандарға көңіл бөлінді. Кітапханашы, қорықшы, музей, мұрағат маманы секілді бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 2022 жылдан бастап жыл сайын 20%-ға ұлғаяды.
Думан Мырзабек – «Серпін» бағдарламасы бойынша осында оқып, оңтүстіктен Оралға орныққан жас маман. Орманшы болу оңай емес. Браконьерден қауіп бар. Орман қорғау өз алдына, өрт болған жағдайда үй көрмей, тоғайда түнейтін кездері көп.
Думан Мырзабек Орал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман шебері:
Менімен бірге 12 адам бітірдік. Соның ішінде тек мен ғана мамандық бойынша жұмыс істеп жатырмын. Олардың да осы мамандыққа деген қызығушылығы көп. Десе де жалақының төмендігіне және де баспананың болмауына орай жұмыс істегісі келмейді.
Өңірде 200-ден астам қорықшы орман қориды. Қала маңында бір инспектор 300-400 гектар, ал ауыл-ауданда 800 гектар алқапты күзетеді. Жүктемесі көп жауапты мамандықтың жалақысы мардымсыз дейді қорықшылар.
Алтын Тұралиева, облыстық бөлім басшысы:
Қызметкерлердің орташа жалақысы 90-110 мың айналасы. Бір проблема - жас мамандар ауылдық жерге бармайды. Бізде орман шаруашылығы мекемесінің бәрі ауылда. Егер жалақы көбейсе, ауылда тұрақтануға мүмкіндік болады деп ойлаймын.
Мұрағатшылардың да жалақысы 100 мың теңгеден аспайды. Шаң басқан құжаттар мен құнды мұраларды көздің қарашығындай сақтап, күтіп ұстайтын мамандардың да жұмысы жеңіл емес. Елдегі он мыңға жуық кітапханашының да руханиятқа сіңірген еңбегі ерен. Ал олардың орташа жалақысы қазір 60-100 мың теңге аралығында.
Жаңагүл Тұрсынова, облыстық мемлекеттік мұрағат директоры:
Кітапханашылар, архивистер, техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеру бізді қуантып отыр. Еліміздің Президенті өзінің халыққа Жолдауында еңбегімізді тиянақты, дұрыс атқаруға міндеттеп отыр. Сол бағытты біздер де қолдаймыз.
Мәдениет қызметкерлері мен техникалық мамандық иелерінің жалақысы 2025 жылға дейін орта есеппен жыл сайын 20 пайызға өседі. Елімізде барлығы 600 мыңға жуық қызметкер осы бастаманың игілігін көреді.
Ардақ Мұратқызы