Иә, бүгін ел бойынша 394 мыңдай бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ұлттық арнаның «Tańsholpan» ақпаратты-сазды бағдарламасында айтты. 7,5 мыңға тарта мектеп дәстүрлі форматта білім беруге дайын. Сабақтар «Бір сынып – бір кабинет» талабы бойынша өтеді. Ведомство басшысының мәліметіне сай бала саны көп 300-дей мектеп аралас тәртіпте білім береді. Математика, қазақ, орыс тілдері сынды пәндер міндетті түрде офлайн форматта оқытылады. Министр қашықтан оқыту білім сапасына біршама кері әсерін тигізді дейді.Олқылықтарды жою үшін арнайы бағдарлама бекітілген.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:Қай пән бойынша алдыңғы жылы ауытқулар бар? Қай тықырыпты түсінген жоқ деген сұрақтарға жауап беріп алу керек. Осыдан кейін әр мұғалім біз берген бірнеше әдістемелік ұсыныстар бар, сол ұсыныстарды таңдап олқылқтарды жою үшін тиісті шара қабылдайтын болады.
Барлық мектептерде «Ashyq» жүйесі орнатылған. Бірақ оны оқушылар пайдаланбайды. Тек мұғалімдер, өзге қызметкерлер мен ата-аналар мектепке «Ashyq» арқылы кіреді. Мұғалімдердің 99,7 пайызы вакцина алған. Министрдің айтуынша, өткен оқу жылында барлық мектептер қашықтан оқытқан жоқ. Алғашқы тоқсанда 1 млн, 3-4 тоқсанда 2 млн оқушы дәстүрлі форматта білім алған. Арнамызда қонақта болған министр 1-сыныпқа баратын қос бүлдіршінге «Әліппе» табыстады.
Дарын Сағитов