Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданына орталық өкіметтен 3 жарым миллиард, жергілікті биліктен 9 миллиард теңге бөлінген. Бірден айтайық, өлген малдың шығыны өтелмейді. Қаржы жем-шөпке.
Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Қаржы әділетті бөліне ме, күздің аяғына қарай ет қымбаттамай ма? Басты сауал мынау – су тапшылығы және ылғал түсу проблемалары тереңдей беретінін ескерсек, стратегиялық жоспар жасалып жатыр ма?
Бұл жолы да ел тығырықтан шығу жолын өзі көрсетті - Құрмет есімді жігіт бастап ел шөп шауып, қиналып отырғандарға жөнелтті. Сан тарауға бөлініп кететін проблеманы пункттерге бөліп, талдап беріп жатқан небір сараптамалық материалдар жарияланып жатыр. Енді тағы не істей аламыз?
Маңғыстаулық шаруа Жайлы Қанатовтың осы жазда 15 жылқысы мен 70 қойы арам қатты. Енді өрісте жайылып үйренген түлікті қорада байлап ұстауға мәжбүр. Қазір әкімдіктің көмегімен арзандатылған жемшөп алып, малын бордақылап жатыр. Аздап күйленгенін шетінен сатып әлек. Қыс түспей мал басын осылай азайтпасам, шығын тіпті көбейе ме деп қорқады.
Жайлы Қанатов, шаруа қожалығының иесі:
Көмек бермесе Маңғыстауда мал қалмайды. Міне, мынау жағдайы, бәрі арық, малдың. Қорада тұр бәрі, тек жемшөппен сақтап отырмыз. Жартысы көшіп жатыр. Мен де сол Ақтөбе ме, Оралға ма көшсем деген ой бар.
Шүйгінді аймақтарға малды айдап не техникаға тиеп көшіру керек екенін сол өңірдегі белсенділер де көптен айтып жүр. Себебі онсыз да арып-ашыған мал алдағы суық мезгілге шыдамауы мүмкін.
Бердімұрат Төрекенов, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының мәслихат депутаты:
Облыс ішінде шұрайлы жері бар жерге көрші облыстарға күші жетпейтін шаруаларды қоныстандырып, уақытша да болса қора салып, тығырықтан шығару жолын қарау керек. Қазір салқын түспей тұрғанда тез-тез ұйымдастырып, бүкіл ауданға жемшөпті қамтамасыз ету керек. ТЖ жариялап, күзгі жайылымға қолдан жасанды бұлт шығарып, жауын жаудыру керек, қыстық азығын алатындай етіп.
Жәнібек Қожық, қоғам белсендісі:
Халықтың арық малын сатып алып субсидия негізінде, малды жемдеп, бордақылайтын жер керек. Халықтың қолындағы арық мал сатайын десең өтпейді, жемдейін десең мүмкіндігің жоқ. Бостан босқа қырылып өліп қалады.
Мал басын сақтап қалу үшін бюджеттен қаржы бөлу, жемшөп жеткізу, шаруашылықтарды шұрайлы жерге уақытша көшіру – тығырықтан шығудың амалы. Ал құрғақшылық биыл ғана тосыннан бола қалған жоқ қой. Елдің оңтүстік-батыс өңірі онсыз да шөл және шөлейт жер. Сондықтан өрістен құдық қазу, трансшекаралық өзендер мәселесін шешу, шабындық жер көлемін ұлғайту, жемшөп қорын қалыптастыруды қамтитын стратегиялық жоспар түзіп, іске асыру керек дейді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Каналдарды тазарту, оны аршу, малдарға ұңғыма, құдықтар қазу, Аралдағы Қарақұм бар, Жаңақорған жақтағы Қызылқұмдарға арнайы бұрынғы кеңестер кезінен қалған құдықтардың бәрін қазып, қайтадан қалпына келтіру, ол енді кәсіпкерлердің қолынан келмейді. Оған тек үкімет, жергілікті атқарушы орган бюджет арқылы оған келуі керек.
Құрғақшылыққа байланысты шілдеде төтенше жағдай жарияланған Арал ауданында ондай жұмыстар жүріп жатқан көрінеді. Жергілікті билік арнайы қаражат бөліпті.
Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:
Жалпы облыстық бюджеттен 250 млн бөлінді. Оның 49 млн-ы жанар-жағармайға болса, қалған 197 млн-ы 3 ұңғыма қазу, каналдар қазу, Бұрмақұлақ арнасын бөгеу жұмыстарына бағытталып отыр. Дария арнасы толығымен бөгеліп, Аспай су ағытқысын іске қосу жұмыстары 90 пайыз бітті. Биіктау каналы қазылып, қазір су тоспасының құрылысы жүріп жатыр.
Қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге Үкімет резервінен 3 млрд 600 мың тг бөлінді. Оның 1,9 млрд-ы Маңғыстаудағы шаруаларға, қалғаны (1,7 млрд тг) – қызылордалықтарға аударылды. Бұл қаржы тек жемшөпті субсидиялауға арналған. Оған қоса екі облыстың жергілікті бюджетінен 9,1 млрд тг бөлінген. Демеушілер де қалыс қалмады. Арал ауданындағы фермерлерге Болат Өтемұратов қорынан 240 млн тг аударылыпты.
Мамандар осындай жұт кезінде жұрттан немесе мемлекеттен қаржылай демеу күтіп отырмас үшін агросақтандыру секілді нарықтық қаржы құралын пайдалану керек екенін айтады. Бірақ бізде ауыл шаруашылығын сақтандыруға арналған кешенді бағдарлама жоқ. Тек былтыр жыл соңында ғана ірі қара малды түрлі аурудан және табиғи апаттан сақтандыратын полис іске қосылған. Содан бері ел бойынша тек 7 жарым мың бас қара мал сақтандырылыпты. Себебі шаруалар бұрынғы мемлекеттік міндетті сақтандыру жүйесінен опық жеп қалған дейді агросақтандыру компаниясының өкілі.
Машур Зарлық, «Қазақстан агросақтандыру қауымдастығы» қеңесінің мүшесі:
Бұрынғы сақтандыру системасы біздің шаруалардың сенімділігін жоғалтты. Көбісі сенбейді. Ақшасы төленбейді деп ойлайды. Өзім шаруалармен сөйлескенде айтады: кімге дастархан жаямыз, кімді қой сойып күтіп аламыз деп. Олардың бәріне түсіндіріп айтамыз тек қана интернетке кіресіз, өз жеріңізді таңдайсыз, егер сақтандыру жағдайы болса автоматты түрде ақшаңызды аласыз, болды.
Енді жаңа сақтандыру жүйесіне шаруалардың сенімін арттыру үшін полис құнының 80 пайызын мемлекет субсидиялайтындай жағдай жасау керек дейді сала маманы. Сонда фермердің қалтасына салмақ түспейді. Тиісінше олар сақтандыру шарттарын сатып алуға ынта таныта бастайды. Үкіметке тағы бір ұсыныс:
Машур Зарлық, «Қазақстан агросақтандыру қауымдастығы» қеңесінің мүшесі:
Жыл сайын ауыл шаруашылығын өсіруге, дамытуға млрд-таған ақша бөлінеді. Субсидия ретінде жанармайға бөлінеді, тұқым алуға бөлінеді, мал алуға. Бірақ биылғыдай жағдай болғанда бөлінген ақша бос, далаға кетіп қалды. Өйткені көп өсімдік шықпай қалды, егін. Сондықтан егер шаруа осындай субсидия алып жатса оған міндетті түрде страховка жасау керек. Сол кезде бүкіл жағынан өзіңді сақтайды.
Демек биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығына нарықтық қаржы құралдарын және ғылыми жетістіктерді енгізу керек екенін көрсетіп отыр.
Жәнібек Қожық, қоғам белсендісі:
Бізге шөп керек, жем керек деп отырғанша ғылыми жаңалықтарды пайдалану керек. Жасанды жүгері егуге болады, тамшылатып суғару арқылы, жоңышқа егуге болады. Маңғыстауға су тұщытатын құрылғылар керек. Күн, жел энергиясынан қуат алатын құрылғылар керек. Біз ғылымға сүйене отырып малды ұстауымыз керек.
Данияр Қайыртай, тілші:
Ғылым демекші, құрғақшылық мәселесін шешу үшін Маңғыстау облысында жасанды жолмен жаңбыр жаудыратын технологияны енгізу қарастырылып жатқаны туралы ақпарат тараған. Бірақ ол үшін жыл сайын 2,5 млрд тг шығын кетеді екен. Екінші жағынан, қуаңшылық салдарымен күресу үшін орталық және жергілікті бюджеттен қазір бөлініп жатқан қаражаттан әлдеқайда аз. Шынында, шетелдік технологиямен жасанды жаңбыр жаудыру қолымыздан келетін шығар... «Жасанды» деген аты бар ғой...
Данияр Қайыртай