Елордада Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай велошеру басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай велошеру басталды

23.08.2021

Елордада ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орай велошеру басталды. Марафонға қатысушылар бас қаладан Қостанайға дейін жерді басып өтпек. Белсенділер арасында зейнеткерлер де бар.

Түгелбек Қасымов әлемнің 40 мемлекетін велосипедпен аралаған ақсақал. Тәжірибелі велошабандоздың жасы 76-да. Бас қаладан Мәскеуге дейін 14 күнде жеткенін айтады. Кавказ мемлекеттерінде текетірес болған кезде де достықтың нышанын насихаттау мақсатында велошеруге қатысты.

 Түгелбек Қасымов, зейнеткер:
Таулы Карабах деген жерге таласып, Армения мен Әзірбайжан соғысып қалған, білесіздер. Сонда 20 мың жас қаза тапқан екен. Соған ескерткіш қойылған. Сол кезде соған гүл шоғын қойып, тағзым еттім. 

 Бүгін ақсақал шағын топпен бірге 750 шақырымдық вело марафонға шықты. Ұйымдастырушылар Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірі кең көлемде танылуы қажет деп есептейді. Елордада ағартушы ұстаздың атымен аталған шағын ғана көше бар.

Ернат Мелсұлы, марафон бастамашысы:
Нұр-Сұлтанда көше бар ескі вокзалға қарай. Бірақ бұл көше ол кісіге лайықты емес деп ойлаймын. Себебі 700 метр. Тар көше. Сосын көшенің бойында ескі үйдің қабырғасында ескерткіш тақта орнатылған. Басқа ол кісіде ештеңе жоқ.

 Пандемия әсер етпесе, келесі жылы велошабандоздар Қытайға қарай шығып, 6,5 мың шақырымды бағындыруды көздейді.

Ламбриан Топузидис 


Хабарламаларға жазылу