АҚШ-та бір тәулікте 100 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та бір тәулікте 100 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды

06.08.2021

Құрама Штаттарда соңғы бір тәулікте коронавирус жұқтырғандардың саны 100 мыңға жетті. Ал, Австралияда карантин мерзімі қайта ұзартылса, Филиппин аралдарының астанасына да локдаун жарияланды. Қытай болса, биыл дамушы елдерге 2 миллиард доза вакцина жіберетінін хабарлап отыр. Тақырыпты Арай Төлеген жалғастырады.

Америка Құрама Штаттарында өткен тәулікте 100 мың астам адамнан коронавирус анықталды. Бұл - соңғы жарты жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Вирус жұқтырғандардың жартысы вакциналау деңгейі төмен Флорида, Техас, Миссури, Арканзас, Луизиана, Алабама, Миссиссипи тәрізді жеті штатта тіркеліп отыр. Эпидахуалды "Дельта" варианты ушықтыра түскен.

Елдің бас инфекционисті Энтони Фаучи алдағы апталарда вирусқа шалдыққандардың саны тәулігіне 200 мың адамға жетуі мүмкін екенін ескертті. Аса жұқпалы штамды тоқтату үшін АҚШ-та екпенің толық дозасын алған, алайда иммундық жүйесі әлсіз тұрғындарға қосымша үшінші вакцина салу жоспарланып отыр.

Хуан Суон, АҚШ тұрғыны:
Қорқынышты... Бірақ адамдар жеке қорғаныс құралдарын, масканы ұмытпай тағып жүрсе, қолдарын жуып, сақтық шараларын қамтыса, үрейге негіз болмас еді. Көпшілік жауапсыздық танытып жатыр. Ересек екенімізді ескеріп, өзімізді және өзгелерді қорғауды ұмытпайық.

Ал, Австралияда 25 миллион тұрғынның 60 пайыздан астамы бірнеше апта бойы қатаң локдаун режимінде өмір сүріп жатыр. Жасыл құрлықта өте жылдам тарап жатқан "Дельта" вариантына қарсы күрес күшейе түсті. Карантин қатаңдатылған аймақтар арасында елдің Мельбурн, Сидней және Брисбен тәрізді үш үлкен қаласы бар.

Виктория штатында пандемия басталғалы 6-шы мәрте локдаун енгізіліп отыр. Ал, Жаңа Оңтүстік Уэльсте ковидке қарсы шаралар күшейтілгеніне қарамастан, коронавирус жұқтыру оқиғалары екінші күн қатарынан көптеп тіркелді.

Джероэн Веймар, Виктория штатының коронавирусқа қарсы күрес басшысы:
Барша жұрт локдаун, карантиндерден әбден қажыды. Дегенмен шектеу шаралары нәтиже беріп жатқанына куәміз. Бір-бірімізді қолдап, күш біріктірсек, бұл қиын жағдайдан санаулы күндерде шығатынымызға сенімдімін.

Осыған ұқсас қатаң локдаун Филиппин аралдарының астанасы Манилада бүгіннен бастап жарияланды. Шектеу шарасы "Дельта" нұсқасының тарауын тоқтатуға бағытталған. Қаладағы бақылау-өткізу пункттеріне полиция қызметкерлері жіберіліп, елге кіріп-шығу қиындады.

Филиппин коронавирусты жұқтырғандардың саны бойынша Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері арасында Индонезиядан кейінгі екінші орында тұр.

Джерри Бриноса, Трицикл жүргізушісі:
Бұл локдаун тез аяқталса екен. Вирустар жойылып, қалыпты өмірге тез оралуды аңсаймын.

Ал, Қытай биыл әлем елдеріне 2 миллиард доза вакцина жіберуді жоспарлап отыр. Және де Бейжің Біріккен Ұлттар Ұйымының екпе таратумен айналысатын COVAX бағдарламасына 100 миллион доллар бөлмек. Бұл препараттар негізінен дамушы мемлекеттерге жіберіледі.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу