Апаттан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгендер саны қазір 89-ға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апаттан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінгендер саны қазір 89-ға жетті

25.06.2019

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген азаматтар саны қазірге дейін 89 -ға жетті. Оның 52- сі Шымкенттегі, қалғаны Түркістандағы ауруханада ем алып жатыр. Науқастардың 18-і бала, 13-і жүкті әйел. Өңір кәсіпкерлері қайырымдылық есебінен  олардың еміне бағасы 25 миллион теңге болатын дәрі- дәрмек жеткізіп берді.

 

Ғани Қалмаханов, тілші:

 

45 мыңдай адам тіршілік еткен Арыс қаласында қазір мүлдем тіршілік тоқтаған. Ауыл шетінде суат іздеген азын-аулақ төрт түлік болмаса қаңыраған қалаикөшелерінен ит пен мысықтыңиөзі безіп жоғалған. Дүркін- дүркін болған жойқын жарылыстан шағын шаһардағы 7 мың 600 үйдің терезелері қираған. Тағы 60 пайыз үйдің шатыры бүлінген.

 

Кейбір үйлердің, тіпті шатырлары опырылып ортасына түскен. Жол жағасында аударылып қалған автокөліктерді де кездестіруге болады. Снаряд түскен кейбір жерлерде жарықшақтар шашылып жатыр.

Асығыста құжаттарын үйінде қалдырып кеткен бірлі -жарым азаматтарға бүгін  үйлеріне кіріп -шығуға рұқсат етілді. Олар қажетті қағаздарын алған соң күзетпен қала аумағынан шығаралып жатыр.  

 

Еімхан Сыздықұлы, Арыс қаласының тұрғыны:

 

Документтерді әкетеміз. Үйлерді көріп жатырмыз. Әйнектер сынған, былай қатты ештеңе жоқ. Көп қабатты үйді көріп, сонымен, қайтамыз.

 

Қала аумағын түні бойы Ұлттық ұланның 580 жауынгері  мен 400-ге тарта полицей күзетіп шықты. Олар оңтайлы сәтті пайдаланып, қарақшылық жасауға ниеттенген топты құрықтаған. Топ құрамындағы үш күдікті дереу қамауға алынды.

 

Алмасхан Тастанбеков, Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының  бастығы:

 

Бүгін таңертең осында үйде мүгедек азаматты алып шықтық. Өзі жүре алмайды. Оны алып, Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылына апарып тастадық. Мұнан бөлек патрульдік көліктер 5 бағыт бойынша шығады. Үш ауысымда қызмет атқарып жатырмыз.

 

Апат кезінде жұрттың қорадағы малы қараусыз қалып кеткен. Қазір оларды Монтайтас ауылы бағытындағы арнайы қорашалған қораға қамап жатыр.  

 

Ғани Қалмаханов, тілші:

 

Мынау шаһардағы орталық базардың орны. Жайшылықта иін тірескен халықтан аяқ алып жүре алмайтын сауда орны қазір айра -жайра. Кеше таңертең жаймашуақ тіршілігіне кіріскен жұрт жарылыс болғанда жаймаларын тастап, бет- бетімен қашқан.

 

Арыс қаласы аумағына кіру әлі де қауіпті күйінде қалып отыр. Апат шыққан әскери бөлімнің аумағындағы өрт ошағы әлі толық сөндірілген жоқ. 2 мың 700 гектар аумақты алып жатқан әскери бөлімнің аумағында 89 оқ дәрі сақтау қоймасы орналасқан. Қазір саперлар жарылғыш заттарды залалсыздандыру жұмысын жалғастырып жатыр. Сондықтан әзірге тұрғындардың қала аумағына кіруіне тиым салынған.

               

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу