БАҚ және мәдениет саласының үздіктерін марапаттады
Мереке қарсаңында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев та ел дамуына үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалін мәдениет, ғылым және білім қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне табыстады. Министр ел игілігі жолында табанды еңбек етіп жүрген сала майталмандарын құттықтап, алғыс айтты.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
Қадірлі марапат иелері, бүгінгі марапат сіздердің жеке жетістіктеріңізге ғана емес, өздеріңіз қызмет етіп жүрген салалардың дамуына көрсетілген құрмет деп білеміз. Әр жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, ізденіс және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілік тұрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл құрмет, алдағы уақытта да жаңа бастамаларға серпін беріп, тың жетістіктерге жол ашады деп сенемін.
Бүгін 62 адам министрдің қолынан марапат алды. Олардың арасында аты әлемге танылған әртістер де бар.
Рухия Байдүкенова, халықаралық ән байқауының жеңімпазы, әнші:
Әрине мұндай марапатқа ие болу мен үшін үлкен абырой және де бұдан да үлкен сенімділікпен арқаға одан сайын жүк түседі деп ойлаймын. Енді бұл марапатқа лайық болуға тырысамын.
Гауһар Төлекбай, Abai TV телеарнасының продюсер-редакторы:
Республика қарсаңындағы бұл марапат ерекше деп ойлаймын. Марапат Ұлттық арна мен Абай тв-ға берілген марапат деп есептеймін. Өйткені Абай телеарнасы ұлт руханиятын дамытуда, насихаттаудағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Ұлт руханияты дегеніміз ол біздің тіліміз, діліміз, өнеріміз, мәдениетіміз. Бұл құрмет ұлтқа деген құрмет деп есептеймін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы