Олимпиаданың үшінші күні: Қазақстандық спортшылардан кімдер сынға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиаданың үшінші күні: Қазақстандық спортшылардан кімдер сынға түсті

26.07.2021

Боксшы Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Ол 52 келі салмақта Пуэрто-Рико елінен келген Янкьель Ривера Фигероамен қолғап түйістірді. Жерлесіміз қарсыласын 4:1 есебімен басым түсті. Енді ол келесі айналымда франциялық Биллал Беннаммен шаршы алаңға шығады. Сәкен Бибосынов 1997 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Айта кетейік, 57 келіде жұдырықтасқан Серік Теміржанов бірінші жекпе-жекте венгриялық боксшыны тізе бүктірді. Ал, 63 келіде Закир Сафиуллин Перу спортшысы Леодан Песо Сабойяны жеңіп, жарыстың келесі сатысына жолдама алды.

Токио ойындарында ел қоржынына тағы бір медаль түсті. Отандасымыз Зүлфия Чиншанло зілтемір көтереуден қос сайыстың нәтижесі бойынша қола медальді еншіледі. 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Зүлфия жұлқа көтеруде 90, серпе көтеуде 123 келіні көтерді. Бұл салмақта алтын медальді Филиппин өкілі Хидилин Диас еншілесе, күмісті қытайлық Ляо Кюн иеленді. Осылайша Токио Олимпиадасына аттанған екі зілтеміршіміз де қола медаль тағынды. Зүлфия әлемнің бірнеше дүркін чемпионы. 2012 жылы Лондондағы Олимпиада ойындарында да жеңіске жеткен болатын. Алайда доппинг дауына байланысты Бразилия еліндегі олимп ойындарына қатыса алған жоқ. Енді күншығыс жеріндегі сайыста отандасымыз өзінің шын мықты екенін тағы бір мәрте дәледеп отыр.

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токио ойындарын сәтті жалғастыруда. Қазақстандық теннисші екінші айналымда Швеция өкілі Ребекка Петерсонмен кездескен болатын. Екі сетке созылған матчта Рыбакина 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. 

Үстел теннисінен ұлттық құраманың үздігі Кирилл Герасименко өкінішке қарай Токиодағы жарыс жолынан шығып қалды. Ол екінші кездесуде германиялық Тим Боллмен кездесіп, есе жіберді. Тартысты кездесудің алғашқы партиясын Кирилл жеңіспен аяқтаған. Алайда, кейінгі үш партияда неміс спортшысының шеберлігі басым болды. Нәтижесінде, кездесу 1:4 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді. 

Садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарындағы командалық сайыста өкінішке қарай жеңіліс тапты. Үндістан құрамасына қарсы ойында Қазақстан қарсыластарына 6:2 есебімен есе жіберді. Командалық бәсекеде ел құрама сапынан жарыс жолына Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин шықты. Дегенмен бұл спортшылар жекелей сайыс бойынша жарысты жалғастырады. Садақ атудан жекелей сынның келесі айналымы 27-29 шілде күндері өтеді.

Қазақстан ұлттық құрамасы әзірге жалпыкомандалық есепте 37-орында келеді. Ал көш басында Америка Құрама штаттарының спортшылары. Олардың қанжығасында 7 алтын, 3 күміс, 4 қола. Жарыс қожайындары жапондар да 7 алтынды еншілеп үлгерді. Сонымен қатар бір күміс және 3 қола медаль бар. Ал үздік үштікті Қытай спортшылары түйіндеп тұр. Олар әзірге 6 алтын алқаны иеленген. Ал біздің ұлттық құраманың қанжығасында әзірге тек 2 қола медаль бар. 

Хабарламаларға жазылу