Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкімдерінің сайлауы: Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр

21.07.2021

Келер жексенбіде өтетін ауыл әкімдері сайлауын партиялық емес ұйымдардың өкілдері байқайтын болады. Олар сайлау учаскелеріндегі процеске мониторинг жүргізіп, сырттай бақылайды. Қазір, сайлаушыларға шақырту билеттерімен бірге қорғаныш құралдары да таратылуда. Өңірлерде саяси науқанға дайындық қызып, үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасуда. Сәбит Әлдебай сабақтайды.

Теріскейде ауылдық округ әкімі лауазымына үміткерлердің ең жасы 27-де. Халық тіркелген 218 кандидаттың 70-ін дауыс беру арқылы таңдап алады. Осы жолғы саяси науқанда әйелдер қауымы белсенділік танытып отыр. Әкім болуға үміттілердің 30 пайыздан астамы қыз-келіншектер.

Бахытгүл Кенжеғалиева, ауыл тұрғыны:
Жол мәселесі мына, су мәселесі. Сосын мына жастарға жұмыс болса дейміз, сосын мына жасөспірімдер мен балаларға ойын-сауық орталығы болса деген сондай бір тілегіміз бар.

Ал, Ақтөбеде ауыл әкіміне үмітті кандидаттар үгіт-насихат жұмысын жалғастырып жатыр. Облыс бойынша барлығы 107 кандидат тіркелген. Ол, орта есеппен әр ауылға 3 үміткерден келеді деген сөз. Қазір, 35 ауылдық округтің тұрғындарына арнайы шақыртулар таратылуда.

Гүлнәр Күнбаева, Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрайымы:
Әдеттегідей шақыру билеті ретінде әрбір семьяға, әрбір семьяның 18-ге толған азаматына жеткізіп жатыр. Пандемияға байланысты маска, перчатканы қай-қайсысына да жеткіздік.

Жамбыл облысында саяси додаға түсуге ниет білдіргендердің арасынан 116 қатысушы нақты тіркеліп отыр. 194 байқаушы сайлаудың әділ өтуіне атсалысады. Ал сайлау уческелеріне 104 302 сайлаушы келеді деп күтілуде. Ол ауыл тұрғындарының белсенділігіне байланысты.

25 шілде күні еліміз бір мезгілде 700-ден астам ауыл әкімдері сайланады. Сайлау уческелері таңғы жетіден бастап жұмысын бастайды.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу