Атырау базарында вакцинадан кейін өтірік құлап қалған жігіт жазалануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау базарында вакцинадан кейін өтірік құлап қалған жігіт жазалануы мүмкін

16.07.2021

Атырау базарында жалған қойылым қойып, әлеуметтік желі қолдануашыларының үрейін тудырған шетел азаматы жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Бейне жазбада 22 жастағы жігіт екпе алғаннан кейін, талмасы ұстап, аяқ-қолы құрысқан. Оқиға 14 шілде күні «Спутник V» вакцинасының IІ компонентін қабылдағаннан кейін болған. Егу пунктіндегі медицина қызметкерлерінің мәлімдеуінше, 1998 жылы туған Өзбекстан азаматы, ағасы туралы дерек базада болмауына байланысты дөрекілік көрсеткен. Кейін дәрігерлерді екпенің жанама әсері туралы арандату мақсатында видео түсіремін деп қорқытыпты. Азамат бұған дейін вакцинаның I компонентін 16 маусымда салдырған. Ол кезде ешқандай әсер байқалмаған. Айта кетейік, заңға сәйкес жалған ақпарат таратқандар жазасыз қалмайды.

Айгүл Үсенбаева, Атырау қалалық № 3 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері:
IІ компоненттін салғаннан кейін, 1 сағат шамасында бақыладық. Ешқандай реакция болған жоқ. Кейін жұмысына қайта кетті. 1сағаттан кейін хозяйкасын ертіп келді. Вакцинаның паспортын сұрады. Біз бір күннен кейін дайын болады деп түсіндірдік.

Гүлсім Сабырова, Атырау қалалық № 3 емхананың заңгері:
Қазір Қылмыстық кодексінің 131-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау үшін шаралар қабылданады. Сондай-ақ, жала жапқаны және жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік кодекске сәйкес жазаланады. Біздің пайымдауымызша, бұл жерде міндетті вакциналау процедураларын тоқтатуға бағытталған, заңсыз әрекеттер орын алып отыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу