Аймақтарда екпе алу науқаны қарқын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда екпе алу науқаны қарқын алды

15.07.2021

Елімізде күніне орта есеппен 100 мың адам коронавирусқа қарсы вакцина алуда. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп келеді. Алғашқылардың бірі болып, екпенің толық курсынан өткен мекемелердің бірі Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін 25-ші орта мектеп.

Бұл мектепте 600-ге тарта бала білім алады. Мектеп директоры Сәуле Тұрсынова бірінші болып коронавирусқа қарсы екпе алып, көпке үлгі көрсеткен. Ұжымдағы 100 адам мамыр айында-ақ вакцинаның екі компонентін де қабылдап үлгеріпті.

Сәуле Тұрсынова, мектеп директоры:
Менің денсаулығым – ол қоғамның денсаулығы. Қоғамның әр мүшесі осы вакцинаның дұрыс саясатын екенін түсінсе, мына індеттен тезірек шығып, әркім 100 пайыз жұмыс істей алады деп ойлаймын. Ойымыз – осы індеттен шешу жолы осы болатын болса, қолдауымыз керек.

Атырау облысының тұрғындары да жаппай вакцина алуда. Әсіресе жылжымалы бекеттер сұранысқа ие. Өңірде мұндай 10 медициналық пункт жұмыс істеп тұр.

Ал Қостанай облысында ақпан айынан бастап бірінші компонент 173 мың адамға егілсе, екіншісін салынғандар 200 мыңнан асады. Облыста аумағында 181 вакцина пункті жұмыс істеп тұр, екпе де жеткілікті. Маусым айының соңынан өңірде вирус жұқтырғандар көбейді. Соның салдарынан облыс «қызыл аймақта».

Айман Нұрпейісова, инфекционист-дәрігер:
Бүгінде біздің өңірде короновирус инфекциясын жұқтыру жағдайы күрт артты. Емделушілер арасында жастардың үлесі басым. Және бұл дертті науқастар өте ауыр өткізіп жатыр. Індетті жұқтырангдардың бәрі вакцина алмағандан адамдар. Сондықтан короновирусты жеңудің жалғыз жолы - екпе екенін маман ретінде сіздерге ескерткім келеді.

Шығыс Қазақстанда екпе салдырғандар саны 360 мыңнан асты. Мамандардың айтуынша сұраныс күрт артқан. Қазір қала ішінде 4 мобильді медициналық пункт бар. Облыс тұрғындары емдеу мекемелеріне де көптеп келіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, вакцина коронавирусқа қарсы тұрудың жалғыз жолы.

Рая Рахимова, дәрігер, емхана директоры:
Вакцина салудың бірнеше пайдасы бар. Біріншісі, адам өз өмірін қорғайды. Екіншсі, адам өзінің қасындағы ата-анасын, туыстарын қорғайды. Өйткені, бір жанұяда бір адам ауырса, одан кейін бәрі ауырады. Ал жас үлкен адамдар қатты ауырады.

Адамзат баласы бірнеше пандемияны басынан өткерді. «Бубон» обасы – әлем шежіресінде тіркелген алғашқы эпидемия. Ал «қара өлім» індеті кей елдердегі халықтың жартысына жуығының өмірін жалғаман. Соның бәрі адамзат баласы екпенің арқасында жеңді. Демек, бұл жолғы дерттің де жалғыз емі екпе екенін ескерген абзал.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу