Таразда 120 мыңнан астам адам екпе салдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда 120 мыңнан астам адам екпе салдырды

09.06.2021

Елордада екпе алушылар саны азайып кетті. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Бұған қоса «Ashyq» қосымшасы үй карантинін бұзған 3 мыңнан астам адамды анықтады. Ал оңтүстік өңірлерде екпе науқаны қарқын алып келеді.

Аймақта жүзден аса вакцинация пункті жұмыс істейді. Қосымша 40-қа жуық жылжымалы бригада жұмылдырылған. «Сенім» клиникасында тұрғындардың сұранысымен екпе кабинеті ашылып, 3 бригада ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Емханада күнделікті 100-ге жуық адамға екпе салынады. Жалпы облыста 96 мың тұрғын вакцина алған.

Ақылбай Шегебаев, қала тұрғыны:
Бірінші вакцинада ешқандай теріс әрекеттер болған жоқ. Мынау әркім өзінің жеке басының және бала-шағасының қауіпсіздігі үшін алып жатқан вакцинация. Өзімді жақсы сезініп жүрмін.

Таразда көшпелі бригадалар оқу орындарына барып, мұғалімдерге екпе салуда. Қазір өңірде барлығы 120 мыңнан астам адам вакцина алса, оның 17 пайызы ұстаздар. Нақтырақ айтсақ, білім ошақтарында 20 697 қызметкер екпе алып үлгерді.

Ал елордада екпе алушылар саны азайып кетті. Мәселен, мамырда вакцина салдырғандар саны сәуірге қарағанда 46 пайызға аз. Бас қалада 111 683 адам вакцинаның екі компонентін салдырды. Бұл жалпы тұрғындардың 9,4 пайызы ғана.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
Қазіргі уақытта елорда тұрғындарының 14,3 пайызы Ковид-19-ға қарсы вакцинаның ең болмағанда бір дозасын алды. Бұл дегеніміз жаппай иммунитетке жақындауға күн сайын бір табан жақындап келе жатырмыз. 

Шаһарда «Ashyq» қосымшасы үй карантинін бұзған 3 мыңнан астам адамды анықтады. Олардың жартысынан көбі науқастармен байланыста болғандар. Қосымшада вакцина салдырған 200 мың адамға жасыл түс мәртебесі берілді. Апта соңына дейін екпенің екі компонентін алғандардың бәрі де жасыл түске ие болмақ.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу