Аймақтарда екпе алу қарқыны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аймақтарда екпе алу қарқыны артты

14.07.2021

Батыс Қазақстанда жедел жәрдем станциясы ұжымының 95 пайызы екпе алды. Өндіріс орындарында да ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға күш салып жатыр. Мәселен, «Орал «Зенит» зауыты жұмысшыларының 60 пайызы ем-шара алып үлгерген. Қазір емханалар түнгі 11-ге дейін жұмыс істейді. Жылжымалы егу пункттері де дамылсыз жұмыс істеп жатыр.

Қалалық жедел жәрдем қызметкерлері күніне жүздеген шақыртуға шығады. Дерті дендеген науқастармен бетпе-бет келеді. Қауіп зор. Сондықтан олар тұтас ұжым болып екпе алды.

Гүлнар Жұмағалиева, №1 қосалқы станция меңгерушісінің орынбасары:
Өзіміздің семьямыз да, ұжымда отырған коллективіміз де сол аурудан сақтап, ұжымның барлық фельдшерлерінің 100 пайызы деуге болады, ешқандай қарсы аурулары жоқ адамдардың бәрі алып болды.

«Зенит» зауытында 750 жұмысшы еңбек етеді. Қазір ұжымның 60 пайызы екпе салдырған. Әкімшілік жұмыс орнына мобильді топ шақырып, сақтық шарасын қолға алды.

Гүлсезім Құрманғалиева «Орал «Зенит» зауыты» АҚ инженер-технологі:
Бұл жақындарымыз үшін, өзіміз үшін, ең бастысы, ата-анамыз, балаларымыз үшін өте қауіпті нәрсе. Соларды ойлап, өзімді ойлап, бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта оралу үшін осы шешімді қабылдадым.

Екпе пункттері демалыс және мейрам күндері де жұмыс істейді. Емханаларға түнгі 23.00-ге дейін барып, ем-шара алуға болады. Ал қазір аймақ ауруханаларындағы жансақтау бөлімдері 61 пайызға толған. Науқастардың барлығы дерлік - екпе алмағандар.

Маусымжан Есейханова, терапевт-дәрігер:
Бөлімшеге түсіп жатқан науқастардың жағдайы күннен күнге артуда. Жағдайы тез ауырлап кетеді. Вакцинациялау қазіргі таңда ең бірінші басты мәселе болып отыр. Біз тек соның арқасында халқымызды осы пандемиядан алып шығамыз деп ойлаймын.

Қарағандының вакциналау орталықтарында ұзын-сонар кезек. Қала тұрғындары жаппай екпе алуға ағылып жатыр. Ковидқа қарсы иммунитет қалыптастыруға ниетті тұрығдар қатары күн санап артып келеді.


Хабарламаларға жазылу