Ауғанстандағы соңғы ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауғанстандағы соңғы ахуал

11.07.2021

Ауғанстанның солтүстігіндегі аймақтардың көбін тәліптер басып алғаннан кейін мыңнан астам адамның Тәжікстанға қашып келгенін Таулы Бадахшан автономды облысының билігі хабарлады. Босқындарға тегін ыстық тамақ беріліп, гуманитарлық көмек көрсету жөнінде халықаралық қайырымдылық ұйымдарымен келіссөздер жүріп жатқанын айтқан.

Ауғанстаннан қашып шығатындардың саны өсуі мүмкін, әрине. АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан кете бастағаннан кейін Талибан қозғалысы өлкедегі елуден астам аймақты басып алды. Тәжік билігінің мәліметінше, қазір ортадағы 1350 шақырымнан асатын шекараның үштен екі бөлігі тәліптер бақылауына өткен.

Кейбір сарапшылар 27 жыл бойы сырттан кірген державалар мен ресми биліктің әлі келмей отырған тәліптердің күші көп, олар ерте ме, кеш пе, билікті толығымен қолға алады деген болжам жасайды. Бір штрих - тәліптердің әйелдерді таспен ұрып өлтіру, қолды кесіп тастау сияқты жазалар қолданатыны мәлім.

Ауғанстанға байланысты ақпарат, жалпы ондағы ахуал назарда ұстайтын дүние. Бұл біздің аймақтың қауіпсіздігіне байланысты. Ақерке Бектастың сараптамасы.

Террористік күш, саяси қайшылық пен этносаралық араздығы басылмаған Ауғанстаннан тыныштық кеткелі қашан. Мемлекеттік байрағы бүгінге дейін 23 рет ауысқан ел қақтығыстан көз ашпай келеді. Осыдан 20 жыл бұрын әскерін кіргізген АҚШ Баграмдағы базадан сарбазын әкете бастағалы мұндағы жағдай тіпті шиеленісті.

Набиулла Сарбааз, Ауған сарбазы:
 Бұл – біздің жеріміз. Америкалықтарға дейін мұнда ресейліктер жүрді. Американың адамдары да кетіп барады. Бұл біздің жер деп қайталап айтамын. Оны қорғап қалу үшін бізге ақша да, басқасы да керек емес.

Пентагон әскері шегінген тұста «Талибан» Ауғанстандағы елуден аса аймақты басып алды. Құндыз және Бадахшандағы ұрыс кезінде 1500 сарбаз Тәжікстанға қашқан. Бұдан бұрын тәліптер ауған-тәжік шекарасындағы «Шерхан-Бандар» постын басып алған еді. Енді қазір 1300 километрден асатын тәжік-ауған шекарасының үштен бірі тәліптердің бақылауында. РЕСЕЙ Тіпті күні кеше Мәскеу сапарында олар «ауған территориясының 85 процентін басып алдық» деп мәлімдеді. Қайда?- деп таңғалмаңыз. Тәліптерді ресми Мәскеу қабылдап, келіссөздер жүргізді. Оларды тыңдауға көшкендей. Террорлық ұйым деп таныса да.

Қақтығыс кесірінен қазірдің өзінде 2 млннан аса ауған босқынға айналған. Шекарадағы жағдай ушыққан уақытта Тәжікстан резервтегі 20 мың адамды әскер қатарына қайта шақырды. Бірнеше жыл Кабулда жұмыс істеген тәжік журналисі Фахриддин Холбектың айтуынша, «Талибан» қауіптің жалғыз көзі емес. Қазіргі шиеленіс тыныш жатқан өзге экстремистік ошақтарды қайта оятады деп қауіптенеді.

Фахриддин Холбек, Тәжікстандық журналист:
«Ислам мемлекеті», «Әл-Қаида» секілді террористік ұйымдар ойынды енді өз мүддесіне қарай өзгертісі келеді. Олар «тәліптер пуштундар, ал біздің ұйымда тәжіктер мен өзбектер бар» деп, халықты адастырғысы келеді. Мұның соңы тағы бір лаңкестік қауіптің күшеюіне алып келуі мүмкін.
Владимир Евсеев, әскери сарапшы:
Қазір тәжіктерге таулы аймақтағы шекараға күш салудың қажеті жоқ. Ол аумақты Қытай онсыз да күзетіп отыр. Жазық даладағы шекараға көп күш жұмылдыру қажет. Душанбеден ресейлік әскери базадағы сарбаздардың бір бөлігін сол шекараны қорғауға жіберу қажет. Күзетті тәжік қарулы күштері мен Ресей әскери базасы бірігіп, күшейтуі керек. Мұндай тәжірибе 90-жылдарда болған.

Қытай күзетіп жатыр дегені – Таулы Бадахшанның Ишкашим ауданында қытайдың шекара посты бар.

Сонымен, Ауғанстанмен шекарасын қорғау үшін ресми Душанбе Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымынан көмек сұрады. Сәрсенбіде ұйым хатшылығының өкілдері тәжік-ауған шекарасына барды. Одан бұрын штаб басшысы Анатолий Сидоров жағдайды бағалау үшін шағын топпен Тәжікстанға барған.

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:
Тәжістандағы Ресейдің мүддесі өте жоғары. АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуіне орай Ресей Ауғанстандағы тұрақтылықты қалыптастыруға қандай да бір үлесін қосқысы келеді. Геосаси қақтығыстардың әсерінен қазір Ресей өзінің қауіпсіздік мәселесінде бастапқы флагман болғысы келіп отыр.

Иә, батыспен бұрыннан қырғиқабақ Ресей осы арқылы Орталық Азиядағы өз ықпалын одан сайын шегендеуге тырысып баққандай. Апта соңында сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Ауғанстанда жылдар бойы соғысқан Америка жағдайда тұрақтандыра алмады» деп АҚШ-ты сынап, мысқылмен түйреп алды.

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
Ауғанстандағы жағдай күрт нашарлап кетуі мүмкін. Бұған АҚШ пен НАТО әскерінің ауған жерінен кетуі әсер етеді. Ондаған жылдар бойы соғысқан шетел әскерлері Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмады.
Джо Байден, АҚШ Президенті:
Біз өз мақсатымызға жеттік. Америкалықтардың тағы бір буынын құрбан етпейміз. Ауғанстан өз мәселесін өзі шешу керек. Өз болашағы мен елді басқару – бұл ауған халқының өз құқығы мен жауапкершілігі.

Бұған дейін Америка Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстаннан ресми билікті қолдаған 9 мыңнан аса ауғанды уақытша паналатуды сұраған. Олар «АҚШ әскеріне көмектескен ауғандарды тәліптер жазалауы мүмкін» деп қауіптенеді. Қазақстан билігі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. НҰР-СҰЛТАН Тек Қорғаныс министрлігі жұмадағы брифингте «кез келген жағдайға дайынбыз» деп жауап берді.

Тимур Дәндібаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары
Қорғаныс министрлігі ауған-тәжік шекарасындағы ахуалды жіті бақылап отыр. Қажет болған жағдайда отандық сарбаздар көмек көрсетуге дайын.
Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:
Бұл мәселелер тұрғысында қандай да бір ортақ мүдде, нақты позиция қабылдануы керек. Өйткені АҚШ сұранысының артқы жағында екі мәселе тұр. Бірінші, бұған тәліп қозғалысы қарай қарайды?! Өйткені тәліптер бұл мәселеге алдын ала мәлімдеме де жасаған болатын: егер де қандай да бір мемлекет Ауғанстандағы жағдайға тікелей араласатын болса, тәліптер тарапынан қандай да бір әрекет болатынын айтқан.

Сарапшы айтқан екінші мәселе қаржыға келіп тіреледі. 9 мыңнан аса ауғанды қабылдап, уақытша пана беруге кейбір елдің әлеуметтік жағдайы жетпейтіні белгілі. Сонымен бірге «уақытша» орналастырудың нақты уақыты қанша?!

Ал Өзбекстан биыл Ауғанстан және Пәкістанмен бірлесіп, транс ауғандық темір жол құрылысына халықаралық қаржы ұйымдарынан 5 млрд долларға жуық қарыз алған. Сарапшылардың пікірінше, бұл оңтүстік Азия теміржол жүйесін Орталық Азия және Еуразиямен тоғыстыратын бірден бір көпір болмақ. АУҒАНСТАН Бірақ тәліптердің келісімі болмаса, жобаны іске асыру қауіпті. Сондықтан да шығар, Өзбекстан арасында «Талибанмен» келіссөз жүргізіп қояды.

Равшан Назаров, философия ғылымдарының кандидаты, доцент:
Біздің мемлекеттер арасындағы барыс-келіс еркін. Визасыз режимде. Яғни бір елге босқындар келетін болса, оның шекара асып басқа елге өтпесіне кім кепіл?! Біздің ауған мәселесінде келіссөз жүргізу тәжірибеміз бар. Сондықтан Тәжістан, Қазақстанмен бірлесіп, ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын.

Шекарамыз шектеспесе де, Қазақстанның сыртқы саясатында ауған факторының маңызы жоғары. Ішкі ісіне араласпағанымен, бізден экономикалық-гуманитарлық көмек азайған емес. Мысалы 2008 жылы Қазақстан Ауғанстандағы Саманғанға мектеп, Бамианға аурухана салуға және Кұндыз-Талукан жолын жөндеуге 2 млн доллардан аса ақша бөлген.

Қазбек Майгельдинов, саясаттанушы:
Сонымен бірге 1000 ауған студентіне Қазақстандағы азаматтық бағдарламасы бойынша оқытуға байланысты арнайы гранттар бөлді. Қазақстанның Ауғанстан мәселесіне қатысуы шын мәнінде бір жағынан қауіпсіздік мәселесін қалыптастыру, екіншіден гуманитарлық көмек арқылы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету.
 Ақерке Бектас, тілші:
Орталық Азия елдерімен Ауғанстанның сегіз провинциясы шектеседі. Сондықтан ауған жеріндегі саяси жағдайдың қалай өрбігені көрші елдердің тыныштығына тікелей әсер етеді: Есірткі тасымалы, босқындар легі, терроризм мұнда ешкімді айналып өтпейді. Ауған шиеленісінен бұрын, Орталық Азия елдерінің өзінде проблема көп. Оқтын-оқтын бас көтеретін ұлтаралық араздық, шекарадағы жанжал. Күні кеше Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында тағы бір қақтығыстың ушыққанын білеміз. Сондықтан ауызбіршілік жоқ жерде аймақтың қауіпсіздігі жайлы айтудың өзі артық...

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу