Қазақстанда жұмыс істейтін балалардың саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жұмыс істейтін балалардың саны артқан

27.06.2021

Жұмыс істейтін балалардың саны артқан. Соңғы төрт жылда 8,4 млн-ға өсіп, 160 млн-ға жеткен. Бұл Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі. Жағдай ушыға береді. Ұйымның бас директоры Гай Райдердің айтуынша, пандемияның салдарынан отбасымен жоқшылық көріп отырған 100 млн-нан астам адам аштан қалмау үшін үшін еріксіз бала еңбегін пайдаланады.

Иә, әлем бойынша сараласақ, баланы көбіне жоқшылықтың, кедейліктің кесірінен жұмысқа жегеді. Бірақ баланы еңбекке баулу, сол арқылы жауапкершілік арқалауға, әр нәрсенің бағасын білуге үйрету дегенді ешкім жоққа шығармас.

«Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп, тапқан табысына гитара сатып алуды ойлап жүрген 14 жастағы Төлегеннің әжесі Амангүл апа «еңбектеніп өскеннен ешкімнің жаман болғанын көргем жоқ» дейді. Қанау мен қанаттану туралы Данияр Қайыртайдың материалы.

Ақтаулық Төлеген еңбекке құштар. Бұдан да кішірек күнінен ақша тапқысы келетін. Биыл оған жол ашылды. Себебі жасы 14-ке толған. Яғни заң бойынша жұмыс істеуге рұқсат.

Төлеген Нұрлыбай, Ақтау қаласының тұрғыны:
Үнемі анамнан ақша сұрай беруге ұялдым. Осы жерде сағат 8-ден 12-ге дейін жұмыс жасаймыз. Жұмыс оңай, 50 мың тг айлық аламын. Сол айлыққа өзіме керек-жарақ киім, гитара алғым келеді.

Төлеген «Жасыл ел» жасағында жұмыс істеуге ниет білдіргенде үйіндегі үлкендер қарсы болмапты.

Амангүл Қонақбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Болашағына өте пайда ғой. Күнге күйіп қалады-ау, суыққа тоңады-ау демеу керек. Кішкентай күнінен жұмысқа талпынысы күшті. Бірдеңе сатсам дейді, ең болмаса машина жуып берсем қайтеді, әйтеуір бір табыс әкелсем, өзіме керек нәрсені алсам деген.

Зейнеткер Анастасия Дмитриева бақшасына биыл 1,5 тонна картоп егіпті. Нарықта бағасы шарықтайтынын білгендей болыппын деп қояды. 50 сотық жерінде көкөністің басқа да түр-түрі бар. Жеміс ағаштары да жайқалып тұр. Бау-бақша жұмысына жаз бойы немерелері көмектеседі. Диас та сол үшін каникулға шыға сала әжесінің үйіне келді.

Диас Бегайдар, Қызылорда облысының тұрғыны:
Бізде картоп, қияр, өрік, бәрі өседі. Соның жемісін көреміз.

Жеміс-жидек піскен соң, артылғанын сатады. Күзде көкөністі де сөйтеді. Одан түскен пайда мектепке керек-жарағын алуға жетіп тұр.

 Анастасия Дмитриева, Қызылорда облысының тұрғыны:
Еңбек істесе, ауызға түседі, алақанға түседі, жұмсайсың. 

Әлеуметтанушы Жазира Тұрсынбекова бала еңбегін зиян және пайдалы деп екіге бөлу қажет екенін айтады. Төлегеннің де, Диастың да істеп жүргені – пайдалы жұмыс.

 Жазира Тұрсынбекова, әлеуметтанушы:
Жеңіл-желпі, денсаулыққа әсер тигізбейтін, және баланың білім алу кезеңінде уақытын алмайтын жұмысты пайдалы жұмыс дейміз. Ол отбасына, әке-шешесіне болысу, бала бағу, үй шаруашылығы, әр отбасында мүмкін шаруашылықтары бар шығар, біреуде дүкен, біреуде әртүрлі бизнес түрлері бар, соған көмектесу, напақа табу.

Ал зиян жұмыс баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ондай кезде баланың білім алу құқығы да бұзылады. Ал еңбегіне азын-аулақ ақы төленеді. Былайша айтқанда – жұмысқа жегу, қанау.

Жазира Тұрсынбекова, әлеуметтанушы:
Баланы жұмысқа жегу – ол баланың құқығын бұзу. Бұл көрсеткіш әлеуметтануда кез келген мемлекеттің экономикасының деградациясының көрсеткіші. Неғұрлым экономиканың ахуалы төмен болса, әрине бұндай көрсеткіштер басым болып жатады. Бізде өте сирек кездеседі өте қатты құқық бұзушылықтар.

Расында, бізде кәмелетке толмаған балалар көбіне даяшы, сатушы, курьер болып қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. Жыл басынан бері бес сондай факт тіркелген. Біз де полиция қызметкерлерімен рейдке шығып көрдік. Астанамыздағы орталық саябақты аралап жүріп, балмұздақ сатып тұрған бір жасөспірімді анықтадық.

Ағасының сауда нүктесі екен. Негізі өзі сатады, мен жай ғана көмектесіп тұрам деп ақталып әлек жеткіншек. Полиция қызметкері ескерту жасап, заң нормаларын түсіндірді. ГРАФИКА: Еңбек заңнамасы бойынша 14-18 жас аралығындағы балалар оқудан тыс уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыс істей алады. Бірақ, міндетті түрде, еңбек шарты жасалуы керек. Сол шарт бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына 24 сағат, ал одан үлкендері – 36 сағат еңбек етуіне болады.

 Микаела Фриберг-Стори, Қазақстандағы БҰҰ тұрақты үйлестірушісі:
 Қазақстанда кәмелетке толмағандар жазғы демалыста еңбекке тартылатыны анықталды. 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар кішігірім фирмаларда, базарларда, көлік жуу және жөндеу бекеттерінде, қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету орындарында жұмыс істейді. Ең көп тараған құқық бұзушылықтар еңбек шартының болмауына байланысты.

Халықаралық ұйым ауыл-аймақтарда, консервативті отбасыларда балалар* ақысы төленбейтін, ауыр үй жұмысына тартылатынына да алаңдаушылық білдіреді.  Дүниежүзінде бала еңбегі көбінесе аграрлық салада пайдаланылады (112 млн бала), одан кейін қызмет көрсету саласында (31,4 млн) және өнеркәсіп орындарында (16,5 млн) көптеп кездеседі. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы есебінде әлемдегі он баланың біреуі жұмыс істейтіні жазылған. Мұны олар коронадағдарыспен де байланыстырады.

 Қымбат Әлиақпарқызы, ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры:
Ковид-19 пандемиясына сәйкес барлық мемлекеттерде, тек Қазақстанда емес, экономикалық күйзелістің болуы, балалардың қашықтан білім алуы және қолайсыз отбасылардың болуы осы балалардың еңбек етуінің негізгі себебі болып табылады. Бір жағынан мұқтаждықтан, бір жағынан +өзінің жеке ниеті болатын жағдайлар да кездеседі.

Жұмыс істеуге ыхтияры бар 14-ке толған балалар әкімдік арқылы жұмыс табуына болады. Ол үшін арнайы бағдарламалар да, мамандықтар тізіме де бар. Қазір елімізде жұмыспен қамту жобасы аясында 65 мың жасөспірім ресми түрде табыс тауып отыр. Ал олар еркінен тыс ауыр жұмысқа кенет ұрынып қалмасы үшін жазғы лагерьлер ұйымдастырылып отыр, дейді тиісті министрлік.

Тимур Қазтуғанов, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкері:
Біз балалар еңбегінің алдын алу үшін жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыты тиімді өтуі керек деп есептейміз. Биыл 13 мыңнан астам лагерь жұмысы ұйымдастырылмақ. Ол үшін шамамен 4 млрд тг бөлінді. Осылайша 2 млн-нан астам бала каникулын лагерьде өткізуге мүмкіндік алады. Оның көбі әл-ауқаты төмен отбасыда тәрбиеленіп жатқандар.
Жазира Тұрсынбекова, әлеуметтанушы:
Үй жағдайында әл-ауқат төмен болса, ондай отбасылар балаларын жұмысқа беріп жатады, нәпақа табу үшін. Ол кезде не болады? Бала балалық шағын осындай ауыр өмірге айырбастайды. Оның денсаулығына зиян келеді. Ондай азаматтар көбінесе өмір бойы кедейліктің құлы болып қалады.

Бұл әрине, ешқандай да үкім емес, маман пікірі ғана. Жоқшылықта туып, табысты өмір сүруге мысал мыңдап емес, миллиондап жетеді. Сіңірі шыққан кедейлік үрім-бұтағына берілмейді. Мәселе мемлекеттің әрбір азамат үшін орындауы тиіс міндеттерін атқаруында. Және әрбір адамның өзінің де тынбай еңбектенуінде.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу