Елімізде карантиндік шектеулер күшейтілмек. Әсіресе Нұр-Сұлтанда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Өйткені бас қалада коронавирстың үнді штаммына тән мутация анықталғаны белгілі. Сондай-ақ премьер-министр көрші елдердегі эпидахуалдың ушығуына байланысты шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды.
Республикада соңғы аптада індет жұқтырғандар саны 4 пайызға өскен. Ауырғандардан үнді штаммы анықталып отыр. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша covid-тің мутациланған бұл түрі әлдеқайда қауіпті. Оны жұқтырғандарда буындардың, іштің қатты ауыры және есту қабілетін жоғалту секілді қосымша симптомдар болуы мүмкін.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:Науқастардан алынған зертханалалық үлгіге ПТР скрининг жүргізу кезінде үнді штаммына тән мутация анықталды. Коронавирустың «дельта» штаммы жылдам жұғады және штамм анықталған науқастардың 60 пайызында ол небары 7 күнге дейінгі инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді. Сондай-ақ таяуда жүргізілген зерттеулерге сай, коронавирустың Үнді штаммын жұқтырғандар арасында емханаға түсушілер мен қаза тапқандар әлдеқайда көп екені анықталды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, үнді штаммы әлемнің 80 еліне тараған. Енді оның елімізде жайылып кетуіне жол бермеу керек. Ол үшін Үкімет басшысы санитарлық талаптарды күшейтуді тапсырды. Әсіресе бас қалада карантинді қатаң сақтау маңызды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:Қазір жалпы Қазақстандағы жағдай қалыпты болғанымен, көрші мемлекеттердегі жағдай күрделі болуда. Сондықтан мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту керек. Осы ретте санитарлық эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуына және вакциналаудың қарқынын өсіруге аса мән беру қажет.
Өйткені екпе егу жұмыстары қайта бәсеңдеп қалған. Қазір 2 миллион 800 мың адам вакцинаның бірінші компонентін, бір миллион 700 мың адам екінші компонентін алды.
Досжан Маратұлы, тілші:Денсаулық сақтау министрінің айтуынша екпе егу жұмыстары әсіресе Маңғыстау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарында көңіл көншітпейді. Енді қауіпті штамның таралуына орай вакциналауды күшейту керек. Әрі премьер-министр дәрі мен өкпені жасанды желдету аппараттарының жеткілікті қоры мен төсек-орынды қамтамасыз етуге тапсырма берді.
Досжан Маратұлы