Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Үкімет басшысы елдегі эпидахуалдың тұрақтала бастағанын айтты. Қазір аурухана бөлімшелерінің 33 пайызында адамдар емделіп жатыр. Кездесуде әлеуметтік саланың даму жайы да сөз болды. «Жұмыспен қамту жол картасына» биыл 300 миллиард теңге бөлініп, 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Ал, мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу жүйесін өзгертудің арқасында еңбекақы көлеміндегі алшақтық 70 пайыздан 16 пайызға қысқарған.
Сондай-ақ, Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік төрағасына мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарын үйлестіру жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тұрғысынан министрлер мен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың нақты талаптары әзірленеді. Бұл мәселеде енжарлық танытқан басшылар жауапқа тартылады.
Амангелді Сейітхан