Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында 72 кәсіпкер табыссыз қалуы мүмкін. Себебі, олардың жеке меншігіндегі жерлер кезінде заңсыз берілген боп шықты. Алайда, қазір сол жерлерде балабақша, азық-түлік дүкендері , тіс емханасы халыққа қызмет көрсетіп жатса да, 7 кәсіпкердің жерін қайтару туралы сот шешімі шықты. Бұлай жалғаса берсе, 500-ге жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Аягөз Оралбайқызының бейнематериалы.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Көлік жуу, жөндеу, автобөлшектер дүкені, асхана, қонақүй бұлар 4 кәсіпкердің жеке нысандары. Әрқайсысында 8-9 адам еңбек етеді. Бірақ, жуырда нысандар сүріліп, жұмысшылар далада қалуы мүмкін. Себебі, жергілікті билік осыдан 5-6 жыл бұрын берілген жер телімдерін мемлекетке кері қайтаруды талап етуде. Аудан орталығында осындай 70- тей нысан бар.
Кәсіпкерлер жер телімдерін 2014 жылы жалға алған алған. 3 жылда қызмет көрсету бағытында кәсіптерін ашып, кейін жерді меншіктеріне өткізген. Құжаттары сақадай-сай. Бизнесті дамыту үшін, көбі несие алған. Мәселен, Әнуар Сынабаев дәмхана ашу үшін 20 млн теңге қаражат жұмсапты. Қарамағында қазір 10 адам нәпақасын тауып отыр.
Әнуар Сынабаев, кәсіпкер:
Біздің Бейнеуде өндіріс жоқ. 70 пайызы Бейнеуде кәсіпкерлер экономиканы көтеріп отырған. Кәсіпкерлердің бәрінің жұмысын тоқтату, экономикалық аумақты дамыту саясаты деген болады ғой соны құлдырату болып саналатын сияқты бұл енді.
72 кәсіпкердің мәселесі бір. Заңды жерлерінен, кәсібінен айрылғысы келмейді. Онсыз да пандемияның салдарынан шығынға ұшыраған олар, жерін сақтап қалу үшін көмек сұрайды.
Орынша Қалауова, кәсіпкер:
Сізге жер орын тиісті емес, сіз аукционмен алмағансыз, бұл жемқорлыққа жатады деген мағынада келіп тұр. Жер орынды 10-12 оны алғанда да оның үстінде менің қарайған еңбегім тұр. Оған мен кезінде арба сүйреп, инвестиция құйып отырдым. Қазір бала-шағамды сонымен бағып отырмын.
Кәсіпкерлердің жері кезінде комиссияның шешімімен берілген. Бірақ, биыл облыстық жерді бақылау басқармасы оны заңсыз деп тапты.
Жалғас Теміров, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары:
Ол кездегі өзгеріс заңдарын қандай бапқа сүйеніп бергенін білмейміз. Сот шешімі береді оны заңды заңсыз екенін. Біздер соны күтіп отырмыз. Содан кейін туындаған мәселелермен шаралар алатын боламыз.
Аудан әкімдігі қайтарылған жерлердің аукцион арқылы қайта сатылатынын айтады. Кәсіпкерлерге нысанды сүріп, шығынды мемлекеттен өндіруден басқа амал қалмайтын сыңайлы. Ал, 72 кәсіпкердің шығыны 1 млрд 400 млн теңге.
Аягөз Оралбайқызы