Президент Қостанай облысының әкімін қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қостанай облысының әкімін қабылдады

25.05.2021

Президент «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» басқарма төрағасын қабылдады. Алмасадам Сәтқалиев инфрақұрылым, мұнай-газ және энергетика бағытындағы маңызды жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Сондай-ақ Қашаған кен орнындағы газды қайта өңдеу зауытының құрылысы, «Астрахан-Маңғышлақ» магистральді су таратқышы мен «Достық-Мойынты» теміржол көлік дәлізін қайта жаңғырту жоспарын айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға қатысты тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімін қабылдады. Архимед Мұхамбетов өңірдің биылғы төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берді. Қостанайда құны шамамен 80 миллиард теңге болатын жаңа шойын құю зауытының құрылысы жүріп жатыр. 300-ге жуық жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек алғашқы оқшаулау орталығы құрылысының барысы мен Kia және Renault автомобильдерін құрастырудың жаңа желісінің іске қосылғанын баяндады. Жыл кіргелі 16 мың 500-ге жуық автомобиль, оның 15 мың 599-ы жеңіл көлік, 736-сы жүк көлігі және 124 автобус шығарылды. Жыл аяғына дейін 60 мың автокөлік құрастыру жоспарланған. Өңірде 2,8 миллион гектар алқапқа дәнді дақыл, 500 мың гектарға майлы дақыл егілген. Егіс науқаны 1 маусымға қарай аяқталады. Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді таза сумен қамту, Арқалық жылу электр орталығын жаңғырту жұмыстарын тездетіп бітіру жөнінде тапсырма берді.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу