Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны қосылады

20.05.2021

Әкімдерді халық сайлайды. Сенат бүгін ауылдық округтердің басшыларын жергілікті жұрттың таңдауына қалдырған заң жобасын мақұлдады. Бүгінде 2 345 әкім бар. Лауазым иелерін дауыс беру арқылы сайлау кезең-кезеңмен іске асады. Биыл өкілеттігі тоқтайтын 836 әкім ауысады. Кандидат 25 жастан асқан болуы тиіс. Ол саяси партия атынан түсе алады. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған адам болса ол ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайыз қолын жинау қажет. Ал егер екі жағдайда да үміткер табылмаса кандидатты аудан әкімі ұсынады. Сонымен қатар сенаторлар Президенттің бастамасындағы саяси реформалар аясында сайлау туралы заңнамаларға бірқатар түзетулер енгізді. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Саяси партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар дауыс беру бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиға. Мемлекет басшысының осы бастамасы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға және саяси бәсекелестікті күшейтуге айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу