Осы күнге дейін Ashyq қосымшасын 1 млн-нан астам азамат жүктеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы күнге дейін Ashyq қосымшасын 1 млн-нан астам азамат жүктеген

16.05.2021

Өткен аптадан бері еліміздің барлық өңірінде Ashyq қосымшасы қолданылып жатыр. Алдымен мәлімет: Бұл қосымша бірыңғай ПТР тест және науқастармен байланыста болған азаматтардың базаларымен интеграцияланған.

Қызыл түс коронавирус жұққаны ПТР тест нәтижесінде анықталған адамға, сары түс вирус анықталған науқаспен байланыста болған азаматқа беріледі. Көк түс ПТР-тест тапсырмаған және науқастармен байланыста болмаған азаматқа беріледі. Жасыл түс ПТР тест нәтижесінде коронавирус анықталмаған адамдардыкі.

Кәсіпкерлердің де, қарапайым азаматтардың да көзқарасы біржақты емес. Дегенмен кәсіпкерлердің көбі «әрине, мүлдем жабық тұрғаннан жақсы» дейді. Тұрғындарға келсек, «Конституциялық құқымды бұзу» дейтіндер сирек болса да, бар.

Бұл қосымша адамдардың вирус тасымалдаушы ма, жоқ па екенін көрсететін құрал дегенмен ауырып жүргенін білмейтін симптомсыз науқастардың көпшілік орындарға бара беретіні, сөйтіп олардың статусы алаңдатарлық деп көрсетілмейтіні, демек мұндай жағдайда пайдасы жоғы айтылып жатыр. Сонымен бірге кей марканың смартфонына бұл қосымшаны жүктеу мүмкін емес.

Жүріп тұрудың жаңа ережелерінің бірін Данияр Қайыртай баяндайды.

Ақтаулық Ақмарал Құлшынбаева жақында қоғамдық тамақтану орнына барады. Кіреберістен күтіп алған қызметкерлер мекеменің Ashyq қосымшасымен жұмыс істеуге көшкенін айтады. Сөйтсе кіру үшін сол қосымшаны смартфонға жүктеп, QR-кодты сканерлеу керек екен. Айтқанын орындайды. Оған көк түс жанған. Демек кіруге – рұқсат. Жайғасқан соң, көк түстің қандай жағдайда берілетінін анығырақ білу үшін анықтамасын ғаламтордан іздейді.

Ақмарал Құлшынбаева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Сөйтсем, көк түс – ПТР-тест тапсырмағандарға және науқастармен байланыста болмағандарға беріледі екен. Олар «Ашық» жобасына қатысатын кез келген мекемеге кіре бере алады. Мені алаңдататыны қоғамдық орынға кірген адамның көк түсті статусы болса да, ол коронавирус тасымалдаушысы немесе науқас болуы әбден мүмкін ғой?!

Расында, көк түс – не коронавирус бар-жоғына тексерілмеген, не науқаспен байланыста болды деп есепке алынбаған бейтарап адамдарға беріледі. Олар ПТР-тест анықтамасы талап етілетін жерлерден басқа кез келген жерге емін-еркін кіріп-шыға алады. Сондықтан көк мәртебе алғандардың арасында ауру таратушылар болуы ықтимал екенін атын атамауымызды өтінген Қызылорда тұрғыны да айтты. Ол жеке мәліметтерінің қауіпсіздігі үшін де алаңдайды.

Жақында Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева да Цифрлық даму министрлігіне жолдаған депутаттық сауалында жүйенің қауіпсіздігіне күмән келтірген еді.

Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл қосымша ақпараттық қауіпсіздікке байланысты сынақтан әлі өтіп болмаған. Сондықтан азаматтардың жеке мәліметтері үшін алаңдауы орынды. Оның үстіне қолданушы туралы нақты ақпарат көрсетпейтінін байқадық. Мысалы, мен вакцина алғам әрі апта сайын ПТР-тест өтем. Бірақ «Ашықта» менің мәртебем – үнемі көк. Негізі жасыл болуым керек қой? Мұндай жағдайға көп адам тап болып отыр. Сондықтан қосымшаны жетілдіру керек деп есептейміз.

Жобаны іске асырушы Цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, азаматтардың жеке мәліметтері Дербес деректер туралы заңның негізінде қорғалады. Ashyq арқылы алынатын бар мәлімет электронды үкімет порталы секілді үлкен жобаларды басқарып отырған Ұлттық ақпараттық технологиялар компаниясының серверлерінде ғана сақталады. Басқа ешқайда таратылмайды. Ал сары және қызыл түс жанғандардың жеке мәліметтері тек дәрігерлерге жөнелтіледі. Осы күнге дейін Ashyq арқылы 1700-ден астам қызыл, 1300-ге жуық сары түсті мәртебесі бар адам анықталыпты.

Әсет Тұрысов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:
Ashyq қосымшасы тек Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағындағы ПТР деректерінің базасы мен науқастармен байланыста болғандардың тізімімен ғана біріктірілген. Азаматтардың денсаулығына қатысты мәлімет сол жерден алынып, тиісінше жасыл, көк, сары немесе қызыл түс беріледі.

Осы аптада ел астанасындағы әуежайға да Ashyq қосымшасы арқылы кіру талабы қойылды. Алғашқы екі күн жоба сынақтан өткенде әуежайдың кіре берісіне адам топырлап, ығы-жығы болып жатқан. Қазір жұмыс реттелді. Жұма күні өткен брифингте 10 мыңға жуық жолаушы тексерілгені айтылды. Солардың ішінде 9 адамның статусы – сары, 8 адамдікі – қызыл болып шыққан.

Әнуар Шалекенов, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз хатшысы:
Сары түсті мәртебесі бар жолаушылар үйлеріне қайтарылды. Ал қызыл түсті мәртебесі бар жолаушылар СЭС қызметкерлеріне тапсырылды. Олар ары қарай стационарға жатқызылады немесе ПТР анықтамасы алынып, үйде емделетін болады. Егер билетті қайтару жөнінен сұрақтар болса қазақстандық әуе компанияларға жолдаған жөн.

Дегенмен бұл қосымша болмаса кіргізбеу немесе жеке сәйкестендіру нөмірін енгізіп барып еcік ашу – конституцияда бекітілген жүріп-тұру құқығын шектейді дейтін азаматтар бар.

Құжатын ұмытпаса да, жеке сәйкестендіру нөмірін бергісі келмейтіндер бар. Мұны бізге елордадағы ресторанның бірінде айтты.

 Гүлдана Әлімбаева, «Дареджани» ресторанының қызметкері:
Бір қонағымыз болды, ол менің жеке басымның ИИН-і , не үшін мен сіздерге беремін, неге тексересіздер деген сұрақтар болды. Негізінен QR-кодты қалай жүктейміз, онымен қалай кіреміз деген сұрақтар көп болады. Егер адамдарға толыққанды ақпарат бергенде, бәрін түсінеді.

Есесіне осы жоба арқылы жұмыс істеуге көшкен бір айдың ішінде ресторанның табысы да ұлғайыпты. Себебі жұмыс уақыты ұзартылып, бұрынғы қалпына келтірілген. Тиісінше көбірек қонақ қабылдауға мүмкіндік бар. Әсіресе, кешкі асқа. Ал қыстың үш айы бойы шектеулермен болса да жұмыс істеп тұрған кинотеатрлар осы наурызда эпидемиологиялық ахуал ушығып кеткенде жабылып қалған еді. Бірақ онысы былтырғыдай емес, бір айға ғана созылды. Ashyq-тың арқасында.

Әйгерім Тұяқова, «Арман» кинотеатрының әкімшісі:
Ашық қосымшасының арқасында кинотеатрдың жұмысы ашылып, қайта жаңартылды. Басында наразылықтар болды. 

Алайда кинотеатрлардың жұмысына әлі де шектеулер бар. Қазір күндіз 10-да ашылғаннан түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Ал залдың тек 20 пайызын ғана толтыруға болады. Сондықтан кафе-ресторандардағы сияқты табыс өсе қоймапты. Әйтеуір мүлдем жұмыс істемегеннен осы тиімдірек дейді кино бизнесінің өкілі.

Данияр Қайыртай, тілші:
Осы күнге дейін қосымшаны 1 млн-нан астам азамат жүктеп алған. Ал Ashyq бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың саны – 5 мыңнан асады. Ендігіде бұл қатарға лотерея клубтары мен букмекер кеңселері қосылуы мүмкін. Ал балаларға арналған аттракциондарға әлі рұқсат берілген жоқ. Олар пандемия басталғалы жабық тұр. Міне, бір жылдан асты. Бұған дейін ойын-сауық парктері туралы жасаған сюжетімізде осы бизнес өкілдері «үкімет «қос стандарт» саясатын ұстанатын сияқты» деп қалған. Ол кезде Ashyq қосымшасы жоқ еді. Ал енді не кедергі? Ashyq-тың өзін бизнестің түр-түрі тезірек ашылуы үшін ойлап тапқан жоқ па еді? Әйтпесе неге керек?

Данияр Қайыртай, Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу