7-мамыр қарсаңында әскери шен беріліп, медальдар табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7-мамыр қарсаңында әскери шен беріліп, медальдар табысталды

06.05.2021

Ерлік еленген күн! Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үздік әскери қызметкерлерге мемлекеттік награда табыстады. Отан қорғаушылар күні қарсаңында ерліктері еленген ұшқыш, полицей, өрт сөндіруші мен прокурор Ақордаға арнайы шақырту алған. Мемлекет басшысы оларды мерекесімен құқттықтап, мерейлерін өсірді. «Айбын», «Даңқ» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапаттады. Мемлекет басшысы халқымыздың ерлігін танытатын қос мереке биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп жатқанын атап өтті. Әрі осы басты құндылығымызға нұқсан келтіретін кез-келген әрекетке тойтарыс беруге дайын болуымыз керектігін ескертті.

Бұл бейбіт күннің батырлары. Сондықтан Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақорда олар үшін есігін айқара ашты. Президент сарайына қызметін абыроймен атқарып, ерекше ерлігімен көзге түскен 50-ге жуық офицер мен қатардағы сарбазға дейін жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев оларды мерекесімен құттықтап, генерал майор, генерал лейтенант шендерін табыстады.

Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығында. Осы асыл құндылықтарды Қарулы Күштеріміз бен құқық қорғау органдары кірпік қақпай күзетіп тұр. Еңбегі еленіп, генерал атанғандардың бірі Қуанышбек Үштаев.

Қуанышбек Үштаев, полиция генерал-майоры:
Елбасымызға, Жоғары бас қолбасшымызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біздің Қазақстанымыз көгеріп, жоғары деңгейлерге жете берсін. Әрқашан елімізде тыныштық, бақыт болсын.

Әскери шеннен соң, «Айбын», «Даңқ» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдары өз иесін тапты. Марапат басын қауіпке тігіп, адамдарды ажалдан арашалағандарға бұйырды. Құтқарушылар келгенше алапат өрттен бүлдіршінді аман алып шыққан Дархан Әбдікәрімов солардың бірі.

Дархан Әбдікәрімов, Қызылорда облыстық көліктегі полиция департаментінің аға лейтенанты: 
Өртке кіріп балаларды алып шықтым. Ағайынды қауіпсіз жерге көшіріп, сөндіруге кірістім. Бірінші электр энергиясын ажыраттым. Тез жанғыш жарылғыш заттарды далаға шығардым.

Бүгін кеудеге тағылған медальдар ерліктің белгісі. Бұл жас ұрпақ үшін өнеге.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін.

Жігер беріп қана қоймай, үлкен жауапкершілік артады. Басты міндет - ел тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетке тойтарыс бере алатын ықшам әрі қуатты армия жасақтауды жалғастыру. Өйткені түрлі қақтығыстардың көбеюі мен геосаяси тұрақсыздық қашанда сақадай сай тұруды талап етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сарапшылар алпауыт мемлекеттер арасындағы тартыстарды қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі ахуалмен теңестіруде. ТМД аумағында, тіпті, іргелес көрші елдерде жанжалдар пайда болып жатыр. Ескі дауларға қазіргі түйткілдер қосылып, жағдай күрделене түсті. Бұл – бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Сондықтан арқаны кеңге салмай, ұлттық қорғаныс ісінде темірдей тәртіп сақтауымыз керек.

Қазір еліміздің қорғаныс жүйесі қалыптасқан. Әскеріміздің бес қаруы сай, жауынгерлік рухы биік. Сарбаздарымыз БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында жүктелген міндетті абыроймен атқаруда. Ал ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері «Жусан» арнайы операциясын мінсіз орындады. Ал полиция мен прокуратураның қызметі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Менің тапсырмам бойынша құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары басталды. Оның тиімді жүзеге асырылуы халықтың билік институтына деген сенімін арттырып, құқықтық тәртіп пен әлеуметтік әділдікті нығайтуға септігін тигізеді. Еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту үшін мемлекет әскери дайындық пен Қарулы Күштерді жабдықтауға баса мән береді.

Әскерилердің пандемиямен күрестегі рөлін де ерекше атап өткен Президент олардың жалақысы өсіп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы жақсарып келеді деді. Әрі оларға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болатынын қадап айтты. Өйткені армиямыз – елдігіміздің берік қалқаны, тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу