Атырау облысының Мұқыр ауылында мәдениет үйінің құрылысы 4 жылдан бері тоқтап тұр. Құны 301 млн теңге деп бағаланған нысан құжат бойынша 2018 жылдың күзінде ел игілігіне берілуі тиіс еді. Алайда, мердігердің жауапсыздығынан құрылыс біржола тоқтап қалды.
Ауылда мәдениет үйінен өзге жаңа мектеп те уақытында салынып бітпеді. Жандос Темірғали тарқатады.
Мұқырдағы ауыл өнерпаздары ұзақ уақытқа мектептің залын жалға алған. Аядай бөлмеде талантты жандар талай шығарманы қал-қадірінше сахналап келеді. Халық, мәдени шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалайды. Алайда, тар сахна өнерге тұсау салып тұр.
Асқар Есенғали, Мұқыр ауылдық клубының директоры:
Біздің 15 жылдан бері отырған бөлмеміз осы жерде. Ешқандай мүмкіндік жоқ.
Венера Мырзағали, Мұқыр орта мектебінің директоры:
Мектептің АКТ залында өтеусіз мәдениет үйінің орналасуы бізге үлкен кедергісін келтіреді. Өйткені мектептің тәрбиелік шаралары сәйкес келіп қалып жатады. Сол уақыттарда өте қиындық келтіреді.
Халықтың көптен күткен Мәдениет үйі ауылдың қақ ортасында, сұрықсыз күйде қалқиып тұр. Шатыры да жабылмаған. Кірпіші қалай болса солай қаланған. Құрылыста кемшілік көп. Айналасы аңғал-саңғал. Гүрілдеген техника да көрінбейді. Құрылыс басында тек екі тұрғын жүр. Өндіріп жұмыс істеп жатқандары шамалы.
Жандос Темірғали, тілші:
Құрылысы орта жолдан тоқтап қалған мәдениет үйінің бүгінгі сыйқы осындай аянышты күйде. Қыруар қаржыға сатып алынған құрылыс материалдары қалай болса солай қараусыз жатыр. Құрылыстың сапасын іргетасынан-ақ байқауға болады. Көріп тұрсыздар, 4 жыл уақыт өткеннен кейін жарылып кеткен.
Жұмысты тұралатқан мердігер компания сот арқылы құрылысқа қайта бекітілді. 400 орынға арналған мәдениет үйін биыл бітіреміз деп отыр.
Мереке Есқалиев, Мұқыр ауылдық округінің әкімі:
Бұл құрылыс сапасыз. Сапасыздығы жөнінде де хат бергенбіз. Биылғы жылы күз айына дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік «Автостройконсалтинг» құрылыс жұмыстарын аяқтаймыз деуде. Бірақ, нақты аяқталмауы мүмкін.
Ауылда құны 1 жарым миллиардқа жуықтайтын мектептің құрылысы да 1 жылға жуық уақыт кешеуілдеді. 424 орынға арналған білім ошағы пандемияға байланысты уақытында тапсырылмаған. Мердігер 2 аптада аяқтаймыз деп отыр. Ал, мәдениет үйінің болашағы бұлыңғыр. Рухани дүниеге зәру тұрғындар мәдениет үйінің төрінен әуелеген әнді, күмбірлеген күйді жуық арада ести алмайтынына налиды.
Жандос Темірғали