Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық ортада бөгет көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға цифрлық ортада бөгет көп

25.04.2021

Өте маңызды, бірақ онша талқыланбайтын мәселенің бірі – елімізде цифрлық инфрақұрылымдарға мүгедіктігі бар адамдардың қолы толымды жетпеуі. 700 мыңдай адам. Мемлекеттік және коммерциялық цифрлық өнімдердің қолжетімсіздігі тіршілігі онсыз да шектеулі жандардың өмірін қиындатып отыр. Себебі қазіргі тіршілікті цифрлық өнімдер мен қызметтерсіз елестете алмайсың. Пандемия бұл тенденцияны тіпті тереңдетті. Мүгедектігі бар адамның цифрлық әлемге қолжетпеуі – көлікке міне алмауы, үйге, ғимаратқа кіріп-шыға алмауымен бірдей.

Ал пандемия кезінде азық-түлік пен дәрі-дәрмекке тапсырыс бере алмай, жергілікті және орталық мемлекеттік органдардан уақытында және түсінікті ақпарат ала алмады. Данияр Қайыртай талдайды.

Елордалық Бауыржан Арыстанбеков он жасында көз жанарынан жазатайым айырылған. Ол ғаламтор қазіргідей тіршілікке дендеп ене қоймаған кез. Бауыржан сонда да виртуалды әлемді меңгеріп алды. Ел қатарлы әлеуметтік желіні де пайдаланады. Ол үшін арнайы бағдарлама бар.

Бауыржан Арыстанбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Сонымен біз емін-еркін пайдаланамыз, кәдімгі YouTube, Instagram, WhatsApp болсын. Ал бірақ Қазақстанның сайттарына кірсек, шыны айтсақ, миымыз жетпейді. Қалың орман арасына кірген сияқты боламыз. Біздің программамыз толық қамти алмайды оны бәрібір. Біз көмекші арқылы, біреуге өтініш қылып қана кіре аламыз.
Данияр Қайыртай, тілші:
Демек мүгедектігі бар адамдарға ауыл-қалалардағы көшелер, көліктер мен ғимараттар қалай бейімделмесе, дәл солай цифрлық ортада да бөгет көп. Мүмкіндік шектеулі. Ал негізі ешқандай шек болмауы керек. Шектеулерді жоюға арналған халықаралық стандарт та, соның негізінде жасалған ұлттық стандарт та бар. Бірақ ол біздің елде ұсыныс ретінде ғана беріледі, яғни қазақстандық сайттар стандартты сақтауға міндетті емес.
Зият Әбдіқайымов, Назарбаев университетінің көмекші технологиялар мен ақпаратқа қолжетімділік бойынша сарапшы-менеджері:
Алайда халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл стандарт міндеттелуге тиіс. Тым құрығанда мемлекеттік сектор үшін. Әрі бұл стандартты заң мен заңнамалық актілерде де бекіту керек.

Өзіне де қатысы бар тақырыпты зерттеп жүрген Зият цифрлық ортаға қолжетімділік – Қазақстан 6 жыл бұрын бекіткен Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияда жазылғанын айтады. Ал осы әлеуметтік топтың тұрмысын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарда «Мүгедек азаматтар үшін коммуникациялық кедергілерді жоюға ықпал ететін қолжетімді ақпараттық инфрақұрылым құру» деген тармақ бар. Бірақ іске асыру жолдары таратылып жазылмаған. Министрлік өкілі меңзеген заңда да солай.

 Нұржан Дүйсебай, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің өкілі:
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңына сәйкес ақпарат иеленушілер ақпарат ұсыну кезінде мүгедектер үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.

Мәжіліс депутаты стандарттағы талап міндеттелуі үшін бар заңның аясында нормативтік актілер жазу қажет дейді.

Серік Ерубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құлағы естімейтіндерге сурдоаудармашы болуы керек, көзі дұрыс көрмейтіндерге дауыспен қамтамасыз етіп тұру керек. Батырмасын басқан кезде тек жазу емес, дауыс та бірге шығып тұруы керек. Сондай уақытта ғана бұл кісілер толық пайдалана алады.

Дауыс дегеннен шығады, Актөбе тұрғыны Мұсағали Дауылов қазақша сөйлейтін виртуалды көмекші әлі күнге дейін жетілдіріліп жасалмағанына наразы.

Мұсағали Дауылов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Ана тілінде сөйлейтін, орысша білмейтін азаматтарымыз бар. Кішкентай балалар бар. Қазақи сөйлеу синтезаторы жоқ болғандықтан, олар ақпаратқа қол жеткізе алмайды. Егер ол болса бүкіл интернет-платформалар қазақша сөйлейтін болады.

Мұсағали Дауылов қолайсыз сайт жасағаны үшін Цифрлық даму министрлігімен соттасып та үлгерген. Содан кейін Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында кей қателіктер түзетіліпті. Ал eGov – электронды үкімет порталы зағиптардың ыңғайына сол күйі бейімделмеді дейді. Шағымдана барса, көзі нашар көретін адамдарға арналған нұсқаға сілтейтін көрінеді.

Мұсағали Дауылов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Тек қана көзі нашар көретін адамдарға арналған. Бірақ көзі нашар көретіндер бір бөлек, көзі көрмейтін жандар бір бөлек.
Зият Әбдіқайымов, Назарбаев университетінің көмекші технологиялар мен ақпаратқа қолжетімділік бойынша сарапшы-менеджері:
Көзі нашар көретіндерге арналған нұсқалардың шрифті ұлғайту, түсін, фонын өзгерту, суреттерді алып тастау секілді функциялары бар. Ал оны негізі сайтқа арнайы режим енгізбей-ақ, браузер арқылы да жасауға болады. Мұның көзі мүлдем көрмейтіндерге ешқандай көмегі жоқ. Олар сайттағы элементтерді дауыстап отыратын бағдарлама арқылы пайдаланады. Сондықтан сайт жасаушылар ұлттық стандарттағы ережелерді сақтауға тиіс. Ол ережелер әртүрлі мүгедектігі бар адамдардың бәріне ортақ.

Яғни мүгедектігі бар адамдарға жеке сайт немесе сайттың ішінде басқа бір нұсқа жасаудың қажеті жоқ. Сол бір сайтты он екі мүшесі сау адам да, көру, есту, сөйлеу және қозғалу қабілетінде ақауы бар адам да пайдалана алуы керек.

Зият Әбдіқайымов, Назарбаев университетінің көмекші технологиялар мен ақпаратқа қолжетімділік бойынша сарапшы-менеджері:
Қимыл-қозғалысында ақауы бар адамдар бәрін көріп тұрғанымен компьютерді тінтуірмен басқара алмауы мүмкін. Сондықтан сайттағы командалар пернетақтамен де басқарылатындай етіп жасалуға тиіс. Ал саңырау адам бәрін көріп, оңай басқарғанымен, мультимедиалық контенттегі дыбысты естімейді. Сондықтан оларға субтитр және мәтіндік транскрипт жазылуға тиіс.

Зият Әбдіқайымов ғылыми жұмысының аясында электронды үкімет порталына аудит жасап көріпті. Сонда 15 парақшаның бірде-біреуі талапқа сай болмай шықты дейді. Негізі бұл дүниежүзінде өзекті мәселе. Мәселен, интернеттің қолжетімділігі бойынша жасалатын есептің соңғы статистикасына қарасақ, ғаламторға тіркелген веб-сайттардағы мәзірдің 98 пайызы, қалқыма терезенің 89 пайызы және батырманың 83 пайызы халықаралық стандартқа сай келмейді.

 Бауыржан Арыстанбеков, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Тек қана өзімнің бірінші топ мүгедегі болып тұрып қана емес, АСП мәселесі бар, параолимпиадалық спортсмен мүгедектерге қандай жағдай жасалғаны туралы ақпараттарды білуім керек. ол ақпаратпен біз үлгеріп отыруымыз керек танысуға. Біз бір заң шығып кетсе, біз кейін естіп жатамыз. егізінде біз тікелей сайт арқылы білуіміз керек.

Бауыржан өз өмірі мен отбасының тұрмыс-тіршілігі үшін маңызды ақпаратты аңдып жүреді. Әсіресе, үй кезегін. Алты баласымен кеңдеу баспанаға ие болу үшін жылына бірнеше мәрте байқауға қатысып отыруға тиіс. Қатысқан сайын, электронды түрде құжат өткізудің машақатын көреді. 13 жылдан асты.

Данияр Қайыртай, Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу