Президент осы аптада жол тақырыбын жалғастырды. Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылаған мәжілісте:
«Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінеді. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады», – деді Президент. Бұл бірден тоқталып кететін мәселе.
Ал Мәжілістің басты тақырыбына келсек, өткір проблемалар қозғалды. Көзге көрініп тұрған мәселелер өз алдына, мемлекет ақшасының жұмсалуы дегенді біз қалт жібермейміз, соған орай мынадай мысал:
«Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық құрылысы аяқталмаған. 2015 жылы бұл нысанды дамытуға 162 миллиард теңге бөлінген. Бірақ осыған дейін бір ғана жоба іске асқан. Полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспаған. Өйткені қажетті инвестор мен өнімді сататын нарық табылмаған. Бұл жерде біздің күзде алған сұқбат еске түсті.
Жұмыссыздық, ауыз су тапшылығы, экологиялық ахуал, Сарайшық... Альбина Әшім жалғастырады.
Атырау облысының аймақтар ішінде орны ерек. Өйткені елдің ішкі жалпы өніміндегі экономикалық үлесі 10 пайыздан асады. Қазақстанға құйылған инвестицияның 30 пайызға жуығы осы аймаққа тиесілі Мұнайлы өлкенің дамуы маңызды болғандықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев екі жыл бұрын Президент лауазымына кірісе сала, алғашқы сапарларының бірін Атырау облысына арнады. Ал биыл пандемияның қолбайлау болып тұрғаны түсінікті. Президент мұнайлы өңірдегі жұмыс тәртібінің өзгешілігін ескеру керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Облыс кәсіпорындарында апта сайын індет ошағы пайда болуда. Облыс әкіміне ірі өндірістік кәсіпорын басшыларымен бірлесіп, індеттің алдын-алу және онымен күрес шараларын уақтылы қабылдауды тапсырамын. Вахталық тәсілмен істейтін жұмысшылардың денсаулығын мұқият қадағалау қажет.
Жиын онлайн өткендіктен, облыс билігі оңай құтылды деп ойламаңыз. Президент өңірдің өзекті мәселелерін жақсы біліп отыр. Мысалы, індет дендеген сайын әбден қабынған ірің де жарылып кетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Індеттің жаңа толқыны келгеннен бері жағдайы ауыр және өте ауыр науқастар көбеюде. Олардың саны соңғы бір айда екі есеге артты. Ал, емдеу мекемелерінде қажетті дәрі-дәрмек пен құрал жабдықтар әлі де жеткіліксіз екені анықталып отыр.
Облыста 207, ал ауылдарда 52 дәрігердің жетіспейтіні де қиын сәтте жағдайды ушықтыра түсті. Парадокс, әрине. Бай, мұнайлы өлке дәрігер маманға мұқтаж. Жалпы, мұнай өңірдің, бір жағынан, бағы, екінші жағынан, соры да сияқты. Өйткені осы салада жұмыс істейтін санаулы азамат өлкенің орташа жалақысына әжептеуір салмақ беріп тұр. Атырау облысының көрсеткіші республикалықтың өзінен 1,6 есе жоғары, орташа жалақы – 358 мың теңге. Есесіне айлығы шайлығына да жетпейтіндер «бай» қалада кедей өмір сүруге мәжбүр.
Мұнай саласында жұмыс істейтіндер үшін де жағымсыз жаңалық: 3 жыл ішінде 55 мың адам жұмыстан босайды. Кеңейіп жатқан «болашақ» жобасына сай қызметкерлерді қысқарту керек. Атырау облысының әкімдігі «бұл мәселе бойынша жоспарымыз бар» деп сендіріп отыр. 31 мың адамды жаңадан ашылатын кәсіпорындарға орналастырмақ.
Ержан Төлек, Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
Атап айтқанда, полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газо-химиялық кешеннің құрылысы жобасының екінші кезеңі, Қашаған кен орнында газды қайта өңдеу зауытының құрылысы, бутадиен өндірісі жобасысынды ірі-ірі өндіріс орындарына азаматтар жұмысқа тартылады.
Ал қалған 24 мың адамның тағдыры не болмақ? Олар Атырау облысына өзге өңірлерден келіп жүрген жұмысшылар екен. Ондаған мың адам еңбек нарығында «жұмыссыз» қалып, босып кетпеуі тиіс. Бұл – Үкіметке құлаққағыс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл Атырау облысының ғана міндеті емес екенін еске саламын. Жоба аясында вахталық тәсілмен өзге аймақтардың тұрғындары да жұмыс істеп жүр. Үкіметке жұмыстан босатылатын барлық жұмысшыларды біртіндеп еңбекпен қамту мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Тағы бір маңызды міндет: Қашаған кен орнын толық игеру. Қазір шамамен жылына 10 млн тонна мұнай өндіріледі. Мақсат - 15 млн тоннаға жеткізу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туады.
Қойнаудағы байлықтан рухани қазынаға көшсек, 7 ғасырлық тарихы бар Сарайшықтың жағдайы мәз емес. Көне қаладан қалған қорым қоршаусыз тұр.
Әбілсейіт Мұхтар, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
Ашық-шашық жатқаннан кейін, оған ауылдың кез келген адамы еркін кіріп шығады. Қоршау аймағы жүзеге аспайынша, бұл жердегі жұмысты нәтижелі жүргізу мүмкін емес.
Бұл сюжет арнамыздан өткен айда көрсетілген еді. Ақордадағы көрерменге жетсе керек, сең қозғалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әкімдік Үкіметтен визит-орталық құрылысына қаражат сұраған екен. Бірақ, келісімін әлі алмаған. Үкіметке осы мәселені дереу шешуді тапсырамын.
Айта-айта жауыр болып, қайта-қайта арнамыздан көтерген Жайық мәселесі де жиында қозғалды. 2006 жылдан бері тарыла бастаған өзеннің кей жерін жаяу кешіп өтуге болады.
Мәншүк Телешова, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы, ихтиолог:
Жайық өзенінің жоғарғы ағысында кейбір орталарында аралардар пайда болып жатыр. Оның бәрі балық қорына, әрине, кері әсер етеді.
Онсыз да ауызсуға жарымай отырған өңір үшін өте үлкен проблема. Мемлекеттік маңызы бар трансшекаралық өзеннің экожүйесін сақтау үшін 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылданды. Енді көрші елмен бірлесіп, дереу іске кіріскен жөн. Президент дер кезінде қаржыландыруды ескертті. Жалпы, тақырыптар сол қалпы: ауызсу тапшы, жол жоқ, қымбатшылық.
Альбина Әшім, Жандос Темірғали