Өңірлерде коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар көбейді. Мәселен, Маңғыстауда бір күнде 1 мыңға жуық адам егілген. Мұнайшылар да ұжым болып вакцина салдыруда. Ал Шымкентте діни қызметкерлер дәрі ектірді.
Маңғыстаулықтар коронавирусқа қарсы жаппай екпе ала бастады. Кеше бір күнде 918 тұрғын вакцина салдырған. Олардың арасында облыс әкімі Серікбай Тұрымов та бар. Өңір басшысының денсаулығы жақсы, қызметінде. Жалпы аймақта бүгінге дейін 9 мыңдай адам егілді. Облысқа барлығы 30 мыңға жуық вакцина әкелінді.
Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов бас болып, дін басқармасындағы қызметкерлер коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Бұл бастаманы шаһар мешіттеріндегі 260-тан астам имам да қолдап, тұрғылықты жеріндегі емханаларда вакцина ектірді. Олар халық денсаулығын сақтау үшін, қалыпты өмірге келу үшін жұмыла күресуіміз керек дейді.
Атырау облысындағы Теңіз мұнай кенішінің 1 мыңнан астам қызметкері вакцина алып үлгерді. Кәсіпорынның тағы 6500 жұмысшысы екпе салдыру үшін кезекте тұр. Компанияға қарасты мердігер мекемелердің қызметкерлеріне де екпе алу үшін жағдай жасалды. Кен орнындағы вахталық қалашық аумағында әзірге 1 егу пункті жұмыс істейді. Онда «Спутник V»-дің 4 мыңнан астам дозасы жеткізілді.
Көкшетау техникалық институының оқытушылары мен курсанттары да вакцинаның алғашқы компонентін салдырды. Білім ордасы штаттық режимде жұмыс істеуді. Мұнда 400 студент білім алып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы