Қазақстандық аккредиттеу агенттіктері Орталық Азия университеті, Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) және «Астана» университетінің аккредиттеу туралы куәліктерін кері қайтарып алды.
«Білім туралы» заңға сәйкес, лицензиясыз және аккредитациясыз жоғары оқу орындары диплом бере алмайды.
Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті мен "Астана" университетіне қабылдаған шешімі туралы ресми хат жіберді.
«Біздің ұйым оқу орындарының білім беру бағдарламаларын сараптап, сапа стандарттарына сәйкестігін анықтауға және оларға аккредитация беру жұмыстарына жауапты. Аталған екі жоғары оқу орны біздің сарапшыларымызды оқу ғимараттарына кіргізбей, аккредиттеуден кейін жүргізілетін мониторинг жұмыстарына кедергі жасады. Сондықтан біз олардың аккредитацияларын кері қайтарып алу туралы шешім қабылдадық», – деді «Аккредиттеудің тәуелсіз қазақстандық орталығы» коммерциялық емес ұйымның директоры Бегалы Халмұратов.
Айта кетейік, бұл жоғары оқу орындары бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің өкілдеріне де жоспарлы тексерулер жүргізуге кедергі келтірген болатын. Жоспарлы тексеру жұмыстары болатыны туралы алдын ала хабардар болғанын ескеру қажет. Министрлік пен аталған жоғары оқу орындары арасындағы сот процедураларының жүргізіліп жатқанына бір жарым жыл болды.
Білім және ғылым министрлігі, аккредиттеу агенттіктері және жұмыс берушілер жоғары білім сапасын арттыру бойынша ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
«Дәл осы үш жоғары оқу орны бізге де тексеру жұмыстарын жүргізуге кедергі жасады. Осыған дейін жүргізілген тексерулер нәтижесінде бұл оқу орындарында бірқатар бұзушылық анықталған болатын. Аккредитациялары бойынша да проблемалары болды. Өткен жылы түлектері дипломдарын уақытылы ала алмай қиналған еді. Салдарынан магистратураға оқуға түсу немесе жұмысқа тұруға байланысты қиындықтарға тап болды. Өкінішке орай, бұл жоғары оқу орындарында оқуын жалғастырып жатқан студенттер бұл жағдайдан сабақ алмады. Биыл да кадрларды дайындау сапасына қатысты сол мәселелер көтеріліп жатыр. Енді бұл оқу орындары бұған дейін жүргізген тексерулеріміздің нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдауымызға кедергі келтіріп, түрлі амалдарымен уақытты созып жатыр», – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.