Сауда және интеграция министрлігі жұмыртқаның неге қымбаттағанын түсіндірді.
«2021 жылдың 25 наурызындағы жағдай бойынша апта сайынғы статистикалық деректерге сәйкес ел өңірлерінде 1-санаттағы он жұмыртқаның бағасы 340 теңгеден бастап 485 теңгеге дейін құбылады. Жыл басынан бері бағаның өсуі 11,9%-ды құрайды.
Бағаның өсуіне 2020 жылы құстардың тұмаудан қырылуы себеп болып отыр. Соның салдарынан былтыр жұмыртқа өндірісі 8,4%-ға қысқарды», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының деректері бойынша тұмау салдарынан 2,6 млн мекиен тауық қырылған. Бағаның өсуінің екінші себебі – жем-шөптің қымбаттауы (оның ішінде жемдік астық). Жыл бойы жем-шөптің құны 54,4%-ке ұлғайды.
Өңірлерде бағаның одан әрі өсуіне жол бермеу мақсатында жұмыртқа өндіруші компаниялар мен сауда объектілері (дүкендер, сауда желілері) арасында жұмыртқа сөрелеріне тікелей жеткізу және сатудың тіркелген бағасын қамтамасыз ету туралы меморандумдар жасалады. Әкімдіктер басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша осындай жұмыстар жүргізіп жатыр.
Айта кетсек, мемлекет бағаны реттей алатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізіміне тек 1-санаттағы жұмыртқа ғана жатады.