Келешекте қашықтан оқыту форматы - сабақ өткізудің методикалық әдісіне айналмақ. Қазір министрлік білім мекемелерінде қандай сабақтарды онлайн оқытуға болатынын қарастырып жатыр. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап латын графикасы енгізе отырып, мектептер 12 жылдық білім беру кезең-кезеңімен көшеді. Бүгін Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында өткен жылдағы ілкімді істер, биылғы жоспарлар мен проблемалар қаузалды.
Пандемия аяқталса да онлайн білім беру мен қашықтан оқыту тәжірибесі қалады. Жаңа тәсілді керісінше одан әрі жетілдіріп, енді білім берудің жаңа методикасына айналдыру көзделіп отыр. Ал оқу орындарының толықтай дәстүрлі форматқа көшу уақыты әлі де белгісіз. Бұған дейінгі қиындықтарды еңсерген ұстаздарға премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов алғысын айтты. Биыл ұлттық бірыңғай тестілеу, магистратура мен доктарантураға емтихан тапсыру шараларының бәрі электронды форматта жүргізіледі. Елдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тексеру шаралары тоқтамайды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:Бүгінге дейін 65 мың студент оқитын жоғары оқу орындары жабылды. 33 жоғары оқу орны 109 лицензиясынан айырылды. Ал ұстаздық жолды таңдаған жас мамандарға дипломды көрсету жеткіліксіз.
Ұстаздардың жалақысы 2024 жылға қарай тағы екі есеге өседі. Осы ретте министр колледж, жоғары оқу орындарының ұстаздары мен кітапханашылардың да айлығын көбейту мәселесі де қарастырылатынын айтты. Сондай-ақ биыл ауылдағы мектептерге көп көңіл бөлінбек. Ондағы кітапхана қоры жаңарады, ауылда оқитын дарынды балаларға арналған «Мың бала» жобасыда әрі қарай жалғасады. Бұл қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы мәселесін шешуге сеп. Десе де кейбір қала мектептерінің жағдайы ауылдікінен де мүшкіл.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Қызылорда , Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының қалалық мектептерінің деңгейі Павлодар Шығыс Қазақстан, Қостанайдағы ауыл мектептерінен төмен. Бұл сондай қалай? Қалада бүкіл мүмкіндіктер бар. Интернетпен қамтылған.
Ал 12 жылдық білім беруге көшу және латын графикасының енгізілуіне байланысты білім саласының алдында ауқымды істер тұр. Ең әуелі оқулықтардың сапасын жақсартып, құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітілмек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:Ұстаздар өзіне тән емес жұмыстарға тартылмауы тиіс. Қазір әр өңірдегі әкімдіктер жанынан педагогтардың құқын қорғайтын кеңестер ашыла бастады. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылықты азайту мақсатында әр аймақта омбудсмендер жұмыс істейтін болады. Осы балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елдегі мектептер бейнебақылау жүйесімен жылы әжетханалармен 100 пайыз қамтылған.
Раушан Сайлауқызы