Ауа райына байланысты 7 өңірде дауылды ескерту жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райына байланысты 7 өңірде дауылды ескерту жарияланды

10.03.2021

Ауа райына байланысты 7 өңірде дауылды ескерту жарияланып, республикалық маңызы бар 12 күре жол жабылды. Әсіресе, Қарағанды мен Нұр-Сұлтан арасын жалғайтын автобан айнадай мұзға айналған.

Сондықтан жолда жүру өте қауіпті. Секундына 15-20 метрге дейін жел соғып тұр. Оның үстіне жаяу бұрқасын соғуда. Өңірде мұндай ауа райы ертең де сақталады дейді синоптиктер. 

Ал кеше түнде Батыс Қазақстан облысында 300 жүк көлігі мен 50 жеңіл автомобиль жолда қалып қойды. Шымкент-Самара күре жолындағы көктайғақтан көліктер биікке көтеріле алмаған. Ескертуді тыңдамай жолға шыққан жүргізушілер амалсыз төтенше жағдай қызметіне хабарласып, оларға құтқарушылар көмекке барды.

Талғат Уәли, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі:
Еліміздің әр аймағында шамамен 270-тен астам автокөлік шоғырланып, жиналып тұр. Олардың басым бөлігі жүк көліктері. Күннің нашар болуына байланысты полиция оларды алыс жолға жібермей тұр.

Елордадада қар аралас жаңбыр жауып, көшеде қозғалыс қиындады. Кеше 80 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам зардап шеккен. Бұрқасын, көктайғақ және қатты желге байланыста екінші ауысымда оқитын бастауыш сынып оқушыларына сабақ қашықтан өтетін болды. Ал әуежайда 16 рейс кейінге шегерілді.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу