Елбасы Асқар Маминді қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Асқар Маминді қабылдады

09.03.2021

Экономикалық өсім 3 пайыздан жоғары болуы тиіс. Үкіметтің алдында осындай міндет тұр. «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдау барысында осылай деді. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін жол картасы қабылданған болатын. Бүгін соның аясында жоспарланған шаралар реті баяндалды. Бұдан бөлек, дағдарыс кезінде ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. 

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі: 
Бүгінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы негізгі драйверлер болып саналады. Қызмет көрсету секторы қалпына келе бастады. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары үш бағытта жүргізіледі. Ол – қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту және өткізу нарықтарының қолжетімділігін кеңейту.

Сонымен қатар, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті қабылдады. Ұйым хатшысы осыған дейінгі кеңес отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады. Кездесуде отандық әскери-өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне баса назар аударылды. Әсет Исекешев алдағы 5 жылға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарымен бөлісті. Сонымен бірге азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерді анықтау, алдын алу бағытындағы жұмыстар айтылды. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Біз Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткіздік, онда өте маңызды мәселелерді талқыладық. Тиісті стратегияны бекіттік, оның шеңберінде жұмысты ұйымдастыру қажет. Қауіпсіздік кеңесінің аппараты ондағы қойылған міндеттердің орындалуын қадағалауы қажет. Біз өзіміздің әскери кешенімізді дамытпай отырмыз. Әскери өнеркәсіпте өзіміздің қауқарлы базаны қалыптастыру керек. Заманауи қарулануға баса мән берілуі тиіс. Ұсыныстар бар. 

Асима Нұрбайқызы 

Хабарламаларға жазылу