Ақтау тұрғыны қандаланы улаймын деп 2 адамның өліміне себепші болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау тұрғыны қандаланы улаймын деп 2 адамның өліміне себепші болды

01.03.2021

Ақтаулық тұрғын қандаланы улаймын деп 2 адамның өліміне себепші болды. Қаза болған 10 айлық бала мен оның анасы. Иіс тиіп тағы 7 адам ауруханаға түсті. Осы оқиғаға бойынша қылмыстық іс қозғалып бірнеше сараптама тағайындалды. Белгілі болғаны, күдікті жәндіктерді үйде қолдануға болмайтын «Квикфос» препаратымен өз бетінше улаған.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қайғылы жағдай міне осы үйде болды. Екінші қабатта тұратын тұрғын көршілеріне ескертпестен пәтерін улап, кетіп қалған. Салдарынан жоғары қабатта тұратын отбасы айдың, күннің аманында 2 бірдей адамынан айырылып, қайғыдан қан жұтып отыр. Ал мына пәтерде 5 бала уланып қалды.

Дәріге уланған 30 жастағы әйел мен оның 10 айлық қызы өлі күйінде табылды. Ал жолдасы мен 68 жастағы енесі ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Бүгін науқастардың беті бері қарады. Көршілердің айтуынша, тұтас үйді қандала жайлап кеткен.

 Валентина Исаева, тұрғын:
Қандаладан көз ашпай отырмыз. Көршілер улайтын кезде айтуға ұялады. Жасырын жасайды. Зардабын көріп отырсыз ғой. Қайтыс болған жас келіншекті сыртынан көріп жүретінмін. Обал болды.

Төменгі қабаттағы пәтерден 5 бала уланып, ауруханаға түсті. Науқастардың ең кенжесі 3 айлық. Үлкені 14 жаста.

Фариза Ерқасым, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі:
Жағдайлары қазір бірқалыпты.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті ешқайда кетпеу жөніндегі қол хатпен туыстарының үйіне жіберілді.

Химиялық-токсикологиялық сараптама тағайындалды. Нәтижесі 1 айдан соң ғана белгілі болады. Дәл осындай қайғылы оқиға осыдан 2 жыл бұрын да тіркелді. Мұнайлы ауданында көршінің салғырттығынан 2 жасар бүлдіршін мен 29 жастағы әйел қайтыс болды. Оған кінәлі пәтерді улаған компанияның өкілі 5 жылға сотталды. Осы оқиғадан кейін тура 2 ай өткенде қайғылы жағдай Ақтауда қайталанып, 6 жасар бала көз жұмды.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу