Ақтауда қандаланың уынан екі бала көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда қандаланың уынан екі бала көз жұмды

23.10.2023

Ақтауда қандаланың уынан екі бала көз жұмды. Тағы 5 адам ауруханаға жеткізілді. Бәрі бір отбасының мүшелері. Зиянкестерден құтылмақ болып пәтерін улаған тұрғын көршілеріне бір ауыз ескерту де жасамаған. Қазір ауруханада жатқан 6 жасар баланың жағдайы ауыр. Оқиғаның мән-жайын Аягөз Оралбайқызы жеткізеді.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Қайғылы оқиға 7-шағын ауданның 14-үйінде болды. 8-ші қабаттағы пәтерлердің бірінде қандалаға қарсы дезинфекция жүргізіліп, пәтер иесі оны көршілерге ескертпеген. Салдарынан удың иісі үстіңгі қабаттағы пәтерге жетіп, бүтін бір отбасы уланып қалды.

Зардап шеккен отбасының 2,5 жастағы және 10 айлық баласы қайтыс болды. Кәмелетке толмаған тағы 2 бала мен ата-анасы және атасы ауруханаға жеткізілген. 6 жасар бала ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.

Мереке Бекбаев, Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Келгенде жағдайлары өте ауыр, энтексикация белгілері болды. Қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Қазір енді консилиум болады. Содан кейін жалпы бөлімге аудару жоспарлануда.

Мамандар пәтерлерге тексеру жүргізіп, сынамалар алған. Нәтижесінде көршінің үйінде белгісіз препаратпен дезинфекция жүргізілгені анықталды. Пәтер иесі қандаладан құтылу үшін, 39 таблетка қолданған. Соның салдарынан жоғарғы қабаттағы пәтерге аммиак көп таралған.

Нұрсәуле Түменова, зардап шеккен отбасының туысы:

Көршілерге айтпайды ма екен, енді біз улап жатырмыз деп. Үндемей кетіп қалған. Ол иісті үйдегілер, ешкім білмеген. Бір иіс шығады деген де қоя берген бұлар. Таңда 7-ден кете жиенім звондады келініммен апа, балалар кетіп жатыр деп. 

Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптамалар тағайындалды. Айта кететін жәйт, бұған дейін де Ақтауда дәл осындай оқиға тіркелді. Пәтерін улаймын деп көрші бүлдіршіннің өліміне себепкер болған тұрғын 2 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал Мұнайлы ауданында 2 адамның өмірін қиған қайғылы жағдайға кінәлі, дезинфекция мекемесінің маманы 5 жылға сотталды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу