Зейнетақы аннуитетінің құны 40% төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы аннуитетінің құны 40% төмендеді

24.02.2021

Биылдан бастап зейнетақы аннуитетінің құны төмендеді. Яғни, зейнетақыны ерте алу мүмкіндігі жеңілдеді. Бұған «Экономикалық өсімді қалпына келтіру туралы» заңдағы өзгерістер негіз болып отыр. Ол үшін қанша қаражатыңыз болуы тиіс. Талаптары қандай? Брифингте мамандар сұрақтарға жауап берді.

Зейнетке уақытынан ерте шығуға мүмкіндік бұрыннан бар. Бірақ, ол үшін жинақтағы қаржыны қажетті сомаға жеткізу оңай емес-тін. Осы мәселе ескеріліп, ережеге түзетулер енгізілді. Нәтижесінде, талап едәуір жеңілдеді.

Сонымен, биылдан бастап зейнетақы аннуитетінің көлемі 40%-ға төмендеді. Мәселен, бұған дейінгі талап бойынша 55 жасқа толған ер адамның жинағында кемі 11 млн теңге болу керек еді. Енді бұл көрсеткіш 6,7 /оннан/ миллион теңгеге дейін кеміді. Ал 52 жастағы әйелдер үшін жеткілікті сома 15 млн-нан 9 млн теңгеге қысқарды.

Демек, осы соманы жинаған кез келген адам зейнетақысын 8 жыл бұрын алады. Қазір 61 мыңға жуық қазақстандық мұндай мүмкіндікке ие. Олардың сақтандыру компаниялармен жасасқан шарттың жалпы сомасы - 283 млрд теңге.

Сағи Әжібек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма басшысы:
Қазіргі уақытта өмірді сақтандыру бойынша нарықта 9 компаниясы бар, олардың қызметі лицензия негізінде жүргізіледі және мемлекет бақылауында болады. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры есебінен зейнетақы аннуитеті төлемдеріне кепілдік беріледі, бұл өмірді сақтандыру компаниясы банкрот болған жағдайда зейнетақы аннуитеті бойынша үзіліссіз төлемдерді және сақтанушылар алдындағы міндеттемелерді үздіксіз орындауды қамтамасыз етеді.

Бұл жауапты компаниялар зейнетақы аннуитеті төлемдерін тұтынушыға өмір бойы айма-ай төлейді. Ал, жыл сайын төлемдерді кемі 5% пайызға көтеріп отыруға міндетті. Әрі сақтанушы қайтыс болған жағдайда оның шотындағы қаржысы мұрагерлеріне беріледі.

Назия Әбдірахманова, Мемлекеттік аннуитеттік компаниясының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал директоры:
Кепілдік кезеңі деген түсінік бар. Яғни, зейнетақы жинағындағыдай мұрагерлікке беру мүмкіндігі қарастырылған. Бірақ, мұрагер қалаған соманы бірден ала алмайды. Тек оған 15 жылдан 30 жылға дейінгі аралықта белгілі мөлшері төленіп тұрады.

Сонымен қатар, шартта бірлескен аннуитеттерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл жеткілікті мөлшерден артылған ақшаны ерлі-зайыптылардың немесе жақын туыстардың бір-біріне аударуына мүмкіндігі береді.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу