Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты - Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін көрнекі ақпарат мәселелері бойынша жетілдіру.
«Көрнекі ақпарат құралдары (баннерлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнама, баға көрсеткіштері және т.б.) елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін маңызды құралдар болып саналады. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сәйкес жазу талабы қазақ тіліндегі мәтіндердің сапасыз жазылуына, орфографиялық қателерге жол бермеуге бағытталған. Деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің теңтүпнұсқалы аудармасын сақтап отырып жазу талабы қоғамда екі тілде (қазақ және орыс тілдеріндегі) берілген мәтіндердің мағыналық, мазмұндық жағынан сәйкес келмеуі фактілерін жоюға бағытталып отыр», - деді ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.
Айтуынша, көрнекі ақпаратты ашық кеңістікте және ғимараттар ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен қатар кез келген кәсіпкерлік субъектілері жүзеге асыра алады. Кәсіпкерлік субъектілері көрнекі ақпаратты өз өнімі мен қызметін ілгерілету құралы ретінде пайдаланады.
Айта кетейік, мемлекеттік органдарға көрнекі ақпаратты орналастыру кезінде тіл туралы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы 12 900 өтініш келіп түскен. 2020 жылы көрнекі ақпараттар бойынша жедел желіге (call center) келіп түскен шағымдар саны 3442-ні құрайды.