Салыққа қатысты мобильді қосымшаларды қолдану аясы кеңейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салыққа қатысты мобильді қосымшаларды қолдану аясы кеңейеді

09.02.2021

Салық заңнамасына енгізілетін түзетулерді 1 наурызға дейін әзірлеу қажет. Үкімет басшысы Асқар Мамин жауапты ведомство мен мемлекеттік орган басшыларына осындай тапсырма берді. Құжаттағы жаңашылдықтар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жеңілдету мен ақпараттық жүйелерді жаңғыртуға бағытталуы тиіс.

Салық заңнамасына енгізілетін түзетулер 500 мыңға жуық жалдамалы жұмысшыны еңбекпен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, салық міндеттемелерін орындау тәртібін жеңілдетіп, ел экономикасына жаңа инвестициялар тартуға жол ашады. Мұның сыртында, микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған 3 жылдық мораторий да өз жемісін беруі тиіс.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері табыс салығынан босталды. Бұл шаралар кәсіпкерлердің 3 жылда 400 млрд теңгені өз бизнесін кеңейту мен дамытуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық тәсілдерге сүйеніп салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жұмсарту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Бұл ретте Үкімет басшысы салық төлеушілер мен кәсіпкерлерге арналған тегін «Е-Salyq Azamat» секілді қосымшаларды белсенді ілгерілету керек дейді. Себебі жаңашылдықтар салық төлеуге, артық төлемді болдырмауға және тағы басқа да жеңілдіктерге мүмкіндік береді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
-Жеке кәсіпкерлер үшін «E-Salyq Business» қосымшасы әзірленуде. Жеке кәсіпкерлерді тіркеу мен жабуды, салық есептілігін ұсынуды оңайлату, сондай-ақ комиссияны және фискалдық деректер операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау қарастырылуда.

Тағы бір артықшылығы - салық төлеуші мәліметтерді растап, немесе өзі түзей алады. Уақыт өте қосымша онлайн бақылау касса машиналары мен POS-терминалдарды алмастырады. Нәтижесінде кәсіпкер салық декларациясын тапсырмайды.

Айнұр Сартаева, мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
-Дара кәсіпкерлер қосымша есепшілерді жалдамай, автоматты түрде барлық салықтарын есептеп шығаруға, зейнетақы жарналарын, медициналық әлеуметтік сақтандыру жарналарын есептеп шығаруға және барлығын тиісті бюджетке төлеуге мүмкіндігі бар.

Биыл жаңа бөлшек салық енгізілді. Бұл пандемия кезінде шектеу шараларына тап болған кәсіпкерлерге тиеслі. Яғни, әлеуметтік, табыс және қосымша құн салықтарынан босталығандар үшеуінің орнына бір ғана салық төлейтін болады. Ол 2 жылға ғана есептелген. Салық табыстың 3 пайыз мөлшерінде белгіленіп отыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу