ШҚО-да жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, екі адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырап, екі адам көз жұмды

04.02.2021

Шығыс Қазақстанда жүк көлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысып, 2 адам көз жұмды. Жол апаты Өскемен-Семей тасжолында болған. 

Берік Көшербай, тілші:
Өскеменнен Семейге бара жатқан жүк көлігінің жолдың қарсы бағытына шығып кетуіне қолайсыз ауа райы себеп болған. Қарлы боран мен көктайғақтың кесірінен екі медицина қызметкері көз жұмды. Жедел жәрдем көлігінде отырған олар оқиға орнында жан тәсілім еткен. 

Андрей Ларионов, облыстық Полиция департаменті басқарма бастығының орынбасары:
Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полиция департаментінің жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Сот сараптамасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.  

Берік Көшербай, тілші:
42 және 49 жастағы медицина қызметкерлері Үржар аудандық ауруханасында жұмыс істеген. Олар жедел жәрдем көлігімен Семейге науқасты жеткізіп, кері қайтып бара жатқан. Қайтыс болған дәрігердің бірінің соңында 3 баласы, екіншісінің 2 баласы қалды.

ШҚО жол апаты

Хабарламаларға жазылу