«Алматы – Шымкент» тас жолында жолаушылар автобусы апатқа ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алматы – Шымкент» тас жолында жолаушылар автобусы апатқа ұшырады

31.10.2017

«Алматы – Шымкент» тас жолының бойында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 20 жастағы бойжеткен көз жұмды. Төтенше оқиға Жамбыл облысындағы Айша бибі ауылы маңында түнгі сағат үштер шамасында болған. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында жолаушылар автобусы қарсы беттегі жолға шығып кетіп, аударылған. Апат кезінде көлікте 49 жолаушы отырған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем қызметкерлері 30-ға жуық адамды Тараз қалалық №1 ауруханасына жеткізіп, оларға тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.  

Ерлан Төлеев, Тараз қалалық №1 ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:

- 21-іне амбулаториялық көмек көрсетілді. 9 адам осы ауруханаға жатқызылды. Өкінішке қарай, біреуі өте ауыр жарақаттан қайтыс болып кетті. 

Оқиға өңір басшылығының назарында. Жамбыл облыстық ІІД  қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Хабарламаларға жазылу