Үкімет биылғы жылдың негізгі міндеттерін айқындады
Үкімет Президенттің кеңейтілген отырыста берген тапсырмасын орындау үшін арнайы Жол картасын әзірлемек. Бүгін премьер Асқар Мамин бастаған министрлер кабинеті осы ауқымды жоспарға енетін негізгі міндеттерді айқындап, бекітті. Экономиканы қолдап, жұртты жұмыспен қамту, баспана бағасын реттеп, денсаулық, білім салаларын жетілдіру секілді шаруа көп. Яғни мақсат айқын. Уақыт тығыз.
Кәсіпкерлердің жалпы ішкі өнімдегі үлесі биыл 30%-ға жетуі тиіс. Үкімет алдындағы негізгі міндеттердің бірі бұл. Өйткені шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне нан тауып береді, экономиканы ілгерілетеді. Сол үшін бизнес биыл да арзан несие мен салықтық жеңілдіктерге ие болып, бітпейтін бюрократиядан құтылуы керек.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:-Pos-терминал мен онлайн кассалық машинасын қолданатын кәсіпкерлерді салық есептілігін ұсынудан босату үшін е-салық қосымшасы әзірленуде. Тұтастай алғанда жеке кәсіпкерлікті тіркеу жабуды оңайлату, салық есептілігін тапсыруды банк комиссиясын және фискалды дерек операторларының қызметтеріне ақы төлеуді алып тастау көзделеді.
Бизнесті дамыту үшін шағын қаржылық ұйымдар құрылып, іс бастап, табыс табамын дегендерге 6 пайызбен несие берілмек. Сондай-ақ бюджет оңтайландырылып, қажетсіз шығындар қысқарады. Әсіресе, шенеуніктерге қымбат қызметтік көліктер сатып алынбайды. Мемлекет басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын да сынға алған еді. Жауапты министрлік енді жұртты өтірік жұмысқа алуға жол бермейміз деп отыр. Ол үшін триллион жұмсалған ауқымды бағдарлама қатаң бақылауға алынбақ.
Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:- Бір адамды қайта-қайта енгізуге жол бермеу және еңбек келісімшарттарын тіркеу бойынша ақпараттық жүйені жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда министр жергілікті атқарушы органдар қарастырылған шараларды іске асыруды қатаң бақылауды және тексеруші органдардың міндетті зейнетақы жарналарын, салық төлемдерін растау бойынша өзара іс-әрекеттерін қамтамасыз етуі керек.
Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасын бақылау да күшейеді. Қымбатшылыққа жол бермеу үшін денсаулық сақтау министрлігі препараттарға шекті баға белгілейміз деп отыр. Қазір арнайы бұйрық жобасы әзірленіп жатыр.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:-Өңірлерде арнайы жұмыс тобы құрылады. Оның құрамына бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қызметкерлерін қосу мәселесі қаралып жатыр. Сөйтіп, барлық дәріханалардағы бағаны мониторингтен өткізу көзделген.
Биыл 200 мектеп салынып, әбден ескірген материалдық техникалық база жаңартылады. Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулық әзірленіп, сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жалғасады. Әрі Президент сынға алған балабақшалар қалыпқа келтірілмек.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:-Балабақшаларды дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Онда ваучеркіл жүйені енгізу. Балабақшалармен қамту, жаңа мемлекеттік стандарт қабылдау, балабақшаларда қолайлы жағдай жасау қарастырылады.
Баспана бағасын реттеп, елді мекендерді интернетпен қамтуға да басымдық берілген. Жалпы жеті негізгі бағыт бойынша 68 тапсырма беріліп отыр. Осы тапсырмаларды іске асыру аясында үш заңнамалық акті мен үш ұлттық жобаны бекіту көзделген. Әрбір сала бойынша жұмысты жандандыру керек деген Премьер-министр қажетті межені өзі белгілеп берді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:-Басты мақсат - экономикалық өсімді 3%-ға қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды ЖІӨ-нің 20%-на дейін және шағын және орта бизнес үлесін 30%-ға дейін ұлғайту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 1,4 есе арттыру, өңдеу өнеркәсібін 10%-ға өсіру, жұмыссыздықты 4,9%-ға дейін қысқарту болып табылады.
Үкімет Президенттің реформалар жөніндегі жоғары кеңесте берген тапсырмаларын да орындауға кіріскен. Оған сай еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі толықтай цифрландырылып, халықтық IPO қайта жандануы керек. Маңызды міндеттерді орындау үшін арнайы Жол картасы әзірленеді. Оның іске асуын премьер қатаң бақылайтынын ескертті.
Досжан Маратұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жаңа әуежай салуға Сингапур тәжірибесі қолданылуы мүмкін
21.08.2026, 17:25
Әлемдегі ең қарт адам бүгін 117 жасқа толды
21.08.2026, 17:23
Гуманоид роботтар жекпе-жекке шықты
21.08.2026, 17:20
308 жасанды интеллект агенті әзірленіп жатыр
21.08.2026, 17:17
Колледждерде ЖИ-ге басымдық беріледі
21.08.2026, 17:15
СҚО-да мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетудің жаңа тәсілі енгізіледі
21.08.2026, 17:13
БҚО-да санитариялық талапты орындамаған мектептерге шара қолданылды
21.08.2026, 17:10
Медициналық қызметтердің 88 пайызы электрондық форматқа ауысты
21.08.2026, 17:07