Игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Игерілмей жатқан жерді қайтару мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқартылады

02.02.2021

Игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқартылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Оның сөзінше, былтыр 4 облыстың өзінде бос жатқан 8,3 миллион гектар жер анықталған, оның 7,6 миллионы жайылым.

Биыл елдің барлық аумағына ғарыштан мониторинг жасалмақ. Жерді қайтару механизмі жетілдіріліп, хабарламаны қағаз түрінен электронды форматқа көшіру көзделіп отыр. Қазір тиісті заң Үкіметте қаралып жатыр.

Сондай-ақ жер мәселесі жөнінде комиссия құрылады. Өйткені биыл жерді шетелдіктерге жалға беру және қазақстандықтарға жекеменшікке сатуға салынған мораторий аяқталады. Ал Президент қарашаға дейін жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырған.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Жер комиссиясының жұмысы және ұсынылған пікірлерді талқылау қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу бойынша бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдемелер әзірленіп, олар жаңа заң жобасының негізін құрайтын болады. Аталған заң жобасын әзірлеу Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарында көзделді.

Хабарламаларға жазылу