Жаңаөзенде жол апатынан 9 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде жол апатынан 9 адам көз жұмды

27.11.2017

Жаңаөзен қаласында жолаушылар тасымалдаған Газель көлігі тепловозбен соғысып, 9 адам  қайтыс болды. Олардың арасында 9 жастағы бала мен жүкті әйел бар. Барлығы 36 адам зардап шекті. Олар тез арада ауруханаға жеткізілді. Көпшілігінің жағдайы ауыр. 27 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Қайғылы оқиғаға байланысты облыста төтенше жағдай жарияланды.

Апатқа ұшыраған 36 адамның 9-ы оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Оның ішінде көлік жүргізушісі де бар. Ауруханаға жеткізілгендердің 18-і травмотологияда, 2 жасөспірім Балалар ауруханасында, қалған 7-і жансақтау бөлімінде жатыр. Астанадан келген 2 маман мен облыс орталығынан жеткен дәрігерлер науқастарды қазір жіті бақылауда. Зардап шеккендердің туыстары болса аурухана маңын торуылдап жанұшырып жүр. 

Бибігүл Есенова, зардап шеккен баланың анасы:

- Бірден келдік. Баламның басын жаңа тікті. Қазір жағдайы жаман емес.

Оқиға сенбі күні түсте Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Теңге ауылында болды.Сағатына 65 шақырыммен келе жатқан локоматив жолаушы тасыған Газельге соғысып, көлікті 25 метрге дейін сүйреп кетеді. Машинист газельді 100 метрден көргенімен, тежегішті басып үлгермеген.

Ерлан Бурхутов Мо, «ҚТЖ» АҚ  Жүк тасымалы бөлімі басшысының орынбасары:

- Айта кететін жайт, жол ережесі бұзылған. Локомотив жүріп келе жатқан кезде Газель жолдың бойына шығып, қақтығыс болды. 

Газельде болған 36 жолаушының көбі сабақтан оралған колледж студенттері екен. Жүргізуші - Өзбекстан азаматы. Газелді жалға беруші кәсіпкер көлік жүргізушісімен үш жылға келісімшартқа отырған. Мамандардың айтуынша, көліктің техникалық жағдайы жақсы болған. Ал, «Қазақстан теміржолы» компаниясының өкілдері өткелдегі құрылғылардың істен шықпағанын алға тартады. Алайда, шлагбаум ашық қалған. Сол жердегі кезекші диспетчердің қанынан ішімдік анықталды.

 Алдриза Қуанышкереев, ОІІД Бастығының орынбасары:

- Наркологтардың қорытындысы бойынша, кезекші диспетчердің жұмыс кезінде ішімдік ішкені анықталды. Қанынан аз мөлшерде ішімдік табылды. Қазір іс қозғалды. Анықтап жатырмыз.

Облыс әкімінің тапсырмасымен «Қазақстан теміржолы» компаниясы тарапынан зардап шеккендерге 20 млн. теңге бөлді. Арнайы комиссия құрылып, қайырымдылық қоры ашылды.

 

Айсара АЙТМАН

Хабарламаларға жазылу