Джо Байден ант қабылдап, қызметіне кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джо Байден ант қабылдап, қызметіне кірісті

21.01.2021

Америкада жаңадан сайланған президент Джо Байденнің инаугурациясы өтті. Демократ Байден ресми АҚШ-тың 46-шы президенті атанды. Америкадағы тілшіміз Әлия Әшім бізбен байланыста.   

Әлия Әшім, тілші:
Бұл инаугурация ерекше. Біріншіден, ковид кесірінен көрерменсіз өтті. Адамдардың орнына Ақ үй алдына 200 мың Америка туы тігілді.  
Сондай-ақ өткендегі тәртіпсіздіктерден соң Ақ үй маңы түгел темір қоршаумен қоршалып, 25 мың ұлттық гвардия сарбазы инаугурацияның тыныш өтуін қамтамасыз етті. 
Әдетте, ескі президент жаңа сайланған басшыны отбасымен Ақ үйде қарсы алып, қол алысатын, Трамп дәстүрді бұзып инаугурацияға қатыспады, Байдендер Ақ үйге келмес бұрын, Трамп әйелі Меланиямен соңғы рет президент ұшағына отырып, Флоридадағы резиденциясына ұшты. 
Трамп келмесе де, бұрынғы президенттер Барак пен Мишель Обама, Джордж Буш әйелімен, Билл және Хиллари Клинтон инаугурацияға қатысты. Сондай-ақ бүгін тарихи сәттің куәгері болдық. Америка тарихындағы алғашқы афроамерикалық әйел вице-президент, Камала Харрис бүгін ант берді. Камаланың Әкесі Ямайкадан, анасы Үндістаннан келген иммигранттар. Харристан кейін, ел тарихындағы ең егде президент, екінші католик басшы, Джо Байден өзі үйінен алып келген 130 жылдық Библияға қолын қойып, ант қабылдады.  
Либерал Джо Байден Президенттігінің алғашқы күні-ақ 17 құжатқа қол қойды. Оның дені консерватор Трамп қабылдаған шешімдердің күшін жою еді. Мысалы, Америка Париж келісіміне қайта оралды. Сирия, Ливия іспетті бірнеше мұсылман елдерінің азаматтарына АҚШ-қа енуге тыйым салынған еді, сол баннын күшін жойды. АҚШ-ты иммигранттардан тазартпақ болған Трамптың Мексика шекарасындағы қақпасының құрылысын тоқтатып тастады. Елде құжатсыз жүрген 11 миллион иммигрантты рәсімдейміз деді. Сондай-ақ Байден 100 күн міндетті маскамен жүру режимін енгізді.  

Әлия Әшім


Хабарламаларға жазылу