Қарағандыда мемлекетке 700 млн теңге шығын келтірген қылмыстық топ мүшелері әшкере болды. Бұл туралы ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде 2016-2020 жылдар аралығында Қарағанды қаласының аумағында жалған шот-фактураларды жазу бойынша заңсыз қызметпен айналысқан тұлғалар тобын әшкереледі.
Тергеу барысында 7 адамнан тұратын топ жалған келісімшарттар жасау және шығындарды жасанды көбейту арқылы бюджетке салық төлеуден жалтару кезінде салық төлеушілер-контрагенттерге көмектесу мақсатында бақылауда ұстаған 13 кәсіпорын құрғаны анықталды.
Аталған адамдардың қылмыстық іс-әрекетінен келтірілген жалпы залал көлемі 700 миллион теңгеден асады», - делінген хабарламада.
7 күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат, 1 күдіктіге қатысты үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды.