Басты Жаңалықтар Қармақшы ауданы ауылдарына газ тартыла бастады

Қармақшы ауданы ауылдарына газ тартыла бастады

Қызылорда облысында биыл 10 ауыл табиғи газ желісіне қосылады. Қармақшы ауданындағы елді мекендерге бүгінде құбыр тартылып, қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Көгілдір отынды асыға күтіп отырған ауыл жұртының тұрмыс-тіршілігін тілшіміз Әділбек Серікұлы көріп келді.

Төребай би – жүзден аса түтіні бар аядай ауыл. Жергілікті халықтың негізгі кәсібі мал мен егін шаруашылығы. Біршама жыл бұрын ауызсу жүйесіне қосылған елді мекен тұрғындарының биыл тағы бір талап-тілегі орындалып жатыр. Ауылда газдандыру жұмыстары қарқынды басталып, көпшіліктің көгілдір отынға қол жеткізетін күні алыс емес.
Гүлсара Мұратова, Төребай би тұрғыны:
Газ келіп жатыр. Ауыл халқының барлығымыздың қуанышымызда шек жоқ. Қыстыгүні күл шығарамыз, көмір жағамыз. Сол бейнеттен құтылайын деп жатырмыз. Қуаныштымыз.
Шеттегі ауылға табиғи газ тартылуы халықтың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға мол септігін тигізеді. Әсіресе тұрғындар кәсіп ашуға ниетті. Мәселен, шаруашылық жылыжай салып, бақшалық дақылдарды қысы-жазы өсіруді қолға алмақ. 
Бүркіт Қалдашбаев, шаруашылық жетекшісі:
Газ арқылы бізде үлкен бір серпіліс болады деп күтудеміз. Кәсіптің бірнеше түрін күтіп отырған азаматтар бар. Өйткені жылыжай салу, кондитерлік цех секілді дүниелерді ашуға мүмкіндік туындайды.
Аудан орталығы Жосалы кентінен газ желісін ауылдарға жеткізу үлкен мәселе еді. Былтыр мемлекеттен 7 миллиард теңге қаралып, Сырдария өзені астымен үлкен құбыр тартылды. Осы жоба аясында биыл екі ауыл көгілдір отынға қосылады. Тағы бір елді мекен демеушілер есебінен газдандырылмақ. 
Жандос Еркінбек, Қармақша ауданының әкімі:
Жыл басында 3 интернационал ауылдық округында орналасқан Болашақ ШҚ өздерінің тарапынан демеушілік есебінен газ жүйесін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп жатыр. Қаражат көздерін қарастырып, 3 интернационал ауылын да жылдың аяғына дейін қосып жібереміз деген жоспарымыз бар.
Жалпы, облыс бойынша газдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 14 жоба әзірленіп, жыл соңына дейін 10 ауылға көгілдір отын берілмек.


Бөлісу